Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев автобөлшектерді сату тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Бұдан былай қолданылған автобөлшектерді тек арнайы дүкендерде және сауда орындарында ғана сатуға болады. Міндетті түрде келісімшарт рәсімделуі керек. Ол құжатта автобөлшекті тапсырған адамның жеке мәліметтері көрсетілуі шарт. Бұдан бөлек, тапсырылған құрал-сайманның фотосы тіркеледі», – деді Тұрғымбаев онлайн режимде өткен есеп беру кездесуінде.
Министрдің айтуынша, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірге ломбардтарға қатысты жаңа талаптар енгізілген. Осының арқасында ұрланған заттар қабылданбайды.
«Енді, ұрлық екінші рет жасалса, ондай әрекет ауыр қылмыстардың санатына жатады. Яғни, қылмыскер зардап шеккен адаммен татуласа алмайды. Жазадан құтылмайды. Осы өзгерістердің арқасында ұрлықтың саны азайып отыр», – деп түйіндеді Тұрғымбаев.