«Ұлы дала - көшпенділер әлемі» үш күнге созылады

«Ұлы дала - көшпенділер әлемі» үш күнге созылады
Алматыда «Ұлы дала - көшпенділер әлемі» халықаралық этно фестивалі биыл қатысушы елдердің саны артқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Ұлы дала - көшпенділер әлемі» халықаралық этно фестивалі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

18 мемлекеттен келген өкілдер сахараның сәні болған, дала өркениетінен бүгінге жеткен мәдени құндылықтардан түрлі көріністер көрсетіп жатыр.

Ұлы дала өркениетінде әрқайсының өзіндік орны бар түркі тектес  елдердің  өнерін паш етуге арналған айтулы шара осымен төртінші рет өткізілуде. Сәйкесінше, жыл сайын қатысушы елдердің саны да артып келеді.

Алтай мен Балқан арасындағы алып өлке мен сібірдің қалың орманын пана қылған халықтар түгел келмесе де биыл қатысушы елдердің саны артқан. Этно мәдени шараға саха, тыва, қалмақ, шұбаштар сынды елдерді қойып, славяндық украиндар мен тау халқы тарапынан дағыстандықтар да туларын желбіретті. Фестивальде бір кездері Тұран түбегінің төңірегінде тірлік қылған түрлі ұлттар туралы таныстырылған соң, ойындар бірден басталып кетті.      

Тамыры тереңге жеткен туыстас, түбі бір түркі елдерінен келген қыз жігіттер өзара сан түрлі сайысқа түсті. Әсіресе ат құлағында ойнаған қазақ пен моңғол арасындағы қыздарының мергендік сайысы мерекенің мәнін арттырғандай.     

«Ұлы даланың жеті қырында» айтылған, жалпы атқа міну стилі деген бар ғой. Кезіндегі атам қазақ байтақ жерін атпенен қорғаған. Сондықтан қазіргі ұрпаққа асау үйрету, ол үшін арқанды қалай тастау керектігінің қыр-сырын көрсету үшін Ерзат досым екеуміз Шығыс Қазақстанның Ұржар ауданынан келіп отырмыз», – дейді асауды қолға үйретуші Тәттімбет КӘПҰЛЫ. 

Сақ қорғандарындағы киіз үйлер сахарада салтанат құрған байырғы халықтың саналы да, сапалы ғұмыр кешкенін айшықтай түскендей. Ол жерден көшпенділердің тұрмысына тән жәдігерлерді де, дәм үйірер тағамды да табуға болады. 

«Бір кездері көшпенді өмір кешкен халықтың ұрпағы болғаннан кейін түркі халықтарының мәдениеттері бір-біріне қатты ұқсайды. Байқаймын, бұл фестиваль жиналған жұртқа қатты ұнап жатқан сияқты. Қанша жерден қалалық боп кетсек те, бойда ұлттық рух бар ғой. Сондықтан бұл фестивальді жақсы рухани мереке деп айтуға болады», – дейді  «Ұлы дала – көшпенділер елі» халықаралық этно фестивалінің ұйымдастырушысы Айнұр АҚЫНОВА.

«Тарихты ояту -халықты ояту», «Өркениетке ұмтылу - өткенін  білу», –  дейді шараға ұйытқы болған ұйымдастырушылар. Қанында бар көптеген қасиеттерді Тәңірдің тартуы деп білетін түркі халықтарының фестивалі Алматыда осымен төртінші жыл қатарынан өтіп жатыр.  Тек бүгіннің өзінде он мыңнан астам адам келген этно-фестиваль ертең де жалғасып, бас жүлдеге көлік тігілген 22 шақырымдық аламан бәйгеге ұласпақ. 

Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров