|
04.12.2019 | 16:28
8728

Нұр-Сұлтанда Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы тойланды

Кеште қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар орындалды

Нұр-Сұлтанда Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы тойланды Казинформ

Нұр-Сұлтан қаласында КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, академик Бибігүл Төлегенованың 90 жасқа толуына арналған шығармашылық концерт өтті. Қазақтың бұлбұлы атанған әншінің кешінде шәкірттері мен «Астана Опера» театрының дүлдүл солистері әннен шашу шашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың әйгілі әншісі, вокалдық өнерінің мэтрі Бибігүл Төлегенованың шығаршамылық кеші «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтті. Күміс көмей әншінің концертіне нағыз өнерді бағалайтын тыңдармандары жиналды. Бағдарламада қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар, оркестрлік шығармалар, хореографиялық нөмірлер қойылды.

Бибігүл  Ахметқызы – талай таланттарды тәрбиелеп, танымал еткен ұлағатты ұстаз. Дәстүрге сай концертте әншінің атындағы байқаудың лауреаттары, шәкірттері өнерлерімен тәнті етті. Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері мен қайраткерлері Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова, Жәмила Жарқымбаева, Дина Хамзина, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Жанат Шыбықбаев, Азамат Жылтыргөзов, Башқұртстанның Еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Гүлжанат Сапақова, Елена Низамутдинова, Гүлдана Алдадосова секілді белгілі әншілер кештің көркін кіргізді.  

«Бибігүл Ахметқызының атындағы байқауда жеңімпаз атанғанымды бақытқа балаймын. Өйткені ол – әлемдегі ең әйгілі сопрано иесі. Оның байқауы тіпті Италияда да белгілі. Мен үшін бүгін қазақтың ұлы ақыны Абайдың әнін қазақ тілінде орындау да – үлкен мәртебе. Өте әдемі шығарма. Сіздердің тілдеріңіз де өте жағымды, әдемі», – деді Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазы Оресте КОЗИМО.

70 жылға жуық уақыт бойы киелі сахнада жүрсе де, ән айтудан жалықпаған Бибігүл Ахметбекқызы сахнада өнер көрсеткенде көрермен ұйып тыңдады. Зал сілтідей тынып, әншінің әсем үні жүректерді баурап күміс күмбірге, шексіз дария сезімге бөледі.

Дауыс әдемілігімен қатар, сахнадағы сүйкімділігін сақтаған Бибігүл Төлегенова да тыңдарманын сағынып қалыпты. Халқына деген шексіз махаббатын әнімен жеткізді. Жүйрікті шабысынан, талантты талабынан таныған ол өзінің шәкірттеріне де осындай керемет кеш ұйымдастырғандары үшін ризашылығын білдірді.

«Еліме, халқыма ризамын. Осы байқауды ұйымдастырған мекеме басшыларының барлығына мың алғыс. Бүгінгі кешім сондай әдемі болды. Роза Жаманова, Ермек Серкебаев үшеуіміз келе жатыр едік. Өкінішке қарай, олар тастап кетті мені. Соның барлығын маған артып кетті деп санаймын. Бүгінгі менің кеш – тек қана менің кешім емес, сол бақилық болған менің барша әріптестерімнің кеші деп білгейсіздер», – деді КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Концерт соңы әншінің құшағы гүлге толды. Бұлбұл үнді Бибігүл апайдың жүзі балбұл жанып, еліне еркелеп, ерекше сезімге бөленді. Көрермендер көңілін шексіз соғылған ду қол шапалақпен білдірсе, басшылар шапан жауып, шат-шадыман етті.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир