Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаева өзіне қатысты айтылған түрлі сыни пікірлерге қатысты өз ойын жеткізді. Бұл туралы «Алматы» телеарнасының Paparazzi бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бізді қазір кім сынамайды?! Қазір Instagram, Youtube бар... Аузыңды ашсаң, бәлеге қаласың. Шындықты айтам деп бәлеге қаласың. Енді шындықты біреу айтпаса, солай өтірік өзімізге өзіміз алданып, өтірік мақтауға мәз болып, жүре береміз. Шындықты айтқан адам тек біздің өмірімізде емес, кезінде патшаға шындықты айтқан адамның басын кесіп алған. Шындықты айтқан адам ешкімге жақпайды», – дейді Роза Қуанышқызы.
Ақиқатты турасынан айтқанды ұнататын әнші әріптесі Меруерт Түсіпбаеваны да ойын ашық айтатыны үшін сыйлайды.
«Бұл заманда мінез керек шығар?! Меруерт қайсар, ашық, өзінің ойын тік айтады. Ешкімге жағымпазданып, асыра мақтап немесе біреуге жаман атты болған емес», – дейді ол.