Димаш тыңдармандарын сүйінші хабарымен қуантты

Димаш тыңдармандарын сүйінші хабарымен қуантты
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Димаштың АҚШ-тағы концертінің билеті "өте қымбат болады"
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таңғажайып дауысымен дүниежүзін тәнті еткен қазақ әншісі Димаш Құдайберген биыл 10 желтоқсанда Нью-Йоркте концерт беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik  

"Dears (Димаштың фанаттары өздерін осылай атайды), 10 желтоқсанда Нью-Йорктегі  Barclays Center стадионында жеке концертім өтетінін қуана хабарлаймын", - деп жазды әнші Instagram парақшасында.

Сондай-ақ ол билеттердің сатыла бастағаны туралы жуырда хабарлайтынын жеткізіп, әлеуметтік желідегі парақшасын қарап жүруге кеңес берді.

Димаш Нью-Йоркте Arnau концертін қояды. Жеке ән кеші 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 19.00-де өтеді (Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы бес кезі).

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Димаштың АҚШ-тағы концертінің билеті "өте қымбат болады".

Barclays Center – Нью-Йорктің Бруклин ауданында орналасқан спорт аренасы. Концерт залына 19 мың адам сыяды. Мұнда 26 қазанда композитор Игорь Крутой 65 жас мерейтойына орай кеш өткізбекші. Димаш Құдайберген осы кештің құрметті қонағы болмақ.

Димаштың Arnau концерті 29 маусымда "Астана Арена" стадионында өткен еді. Ол кезде әншінің тыңдармандары әлемнің түпкір-түпкірінен жиналды, ал наурыз айында Димаш Кремль сарайында концерт қойды.

29 қарашада атақты әнші Санкт-Петербургте 12 мың көрермен алдында ән шырқайды.

Новости партнеров