Астанада әскери оркестрлердің халықаралық фестивалі өтіп жатыр

gov.kz
gov.kz
Фестиваль 3 күн өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астананың 25 жылдық мерейтойына орай «Астана – мәдениет керуені» атты әскери оркестрлердің бірінші халықаралық фестивалі басталды, деп жазды Almaty.tv.

Фестиваль 3 күн өтеді. Жұртшылық әскерилердің ән шашуын шаһардың бірнеше жерінен тамашалай алады.

Фестивальде өнер көрсету үшін Астанаға Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы Күштерінің музыкалық ұжымдары келген. Пәкістан делегациясы – байқаушы. Біздің елдің атынан Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштерге қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталығының оркестрі және Ұлттық ұланның ұжымы қатысады.

Алғаш рет өтіп жатқан фестиваль  Есіл өзенінің жағасындағы амфитеатрда басталды. Бүгін кешкі сағат 8-де Орталық саябақта біздің Президенттік оркестр мен Үндістан, Өзбекстан және Жапонияның әскери ұжымдары өнер көрсетеді. Ал «Бәйтерек» монументінің маңында Қазақстан, Ресей және Түркия Қорғаныс министрліктерінің оркестрлері өз бағдарламаларын ұсынады. «Хан Шатырда» Әзербайжан, Қытай және Қазақстан Ұлттық ұланының окестрлері өнер көрсетпек. Ертең, яғни 8 шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында фестиваль гала-концертпен аяқталады. Ол жерде көрермендер оркестрлердің бірлескен қойылымдарын және музыкалық-театрландырылған көріністі тамашалай алады.

Қорғаныс министрлігі халықаралық фестиваль достық байланыс пен елдер арасында мәдени қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Шотландиядағы Эдинбург Корольдігі әскери оркестрінің парады, Ослодағы Норвегиялық әскери парад, Мәскеудегі «Спасск мұнарасы» фестивалі әлемге кеңінен танылған. Сол сияқты Астана фестивальін де үзбей ұйымдастырып тұру көзделіп отыр.  

Новости партнеров