Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» мекемесінің «Almaty Gallery» Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бір топ корей суретшілерінің «БІРЛІК» атты көрмесін ұсынады, деп хабарлайды Almaty.tv
Көрмеде суретшілердің майлы және акварель бояуымен салынған 60-тан астам шығармалары ұсынылады.
«Бірлік» көрмесінің кеңістігінде Қазақстанның корей суретшілері мен олардың тарихи отанындағы әріптестерінің шығармалары қойылған. Оңтүстік Кореядан келген авторлардың қатысуы әр түрлі тарихи және өмірлік жағдайда өскен, өмір сүріп отырған бір этнос өкілдерінің шығармашылығы қалай әр түрлі дамитынын көруге мүмкіндік береді.
Корейдің дәстүрлі өнерінде табиғат әрқашан негізгі орынды иеленген, ал адам оның тәжі ретінде емес, осы үлкен әлемнің бір бөлігі ретінде қабылданды. Дәл осындай философияны Корея Республикасының суретшілерінің туындыларынан да көруге болады.
Ұсынылған форматтағы көрме бірінші рет қойылып отыр. Авторлардың аздығына қарамастан, бұл жалпы мәдени коммуникация процестері, авторлық ізденістердің үрдістері және қазіргі Қазақстан мәдениетіндегі әр түрлі көркемдік тәжірибелер туралы түсінік береді.