Алматыдағы Республика сарайында Дильназ Ахмадиеваның мұрындық болуымен белгілі сазгер, ақын және әнші Мұрат Насыровты еске алу кеші өтті. Шараға марқұмның зайыбы мен бауырлары, сондай-ақ сахна шеберінің өнерін ұмытпаған қауым жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Концерттік бағдарламада қазақ эстрада жұлдыздары сондай-ақ Мәскеуден әншілер келіп, сазгердің көрермен арасында кеңінен танымал болған әндерін шырқады. 13 желтоқсанда Мұрат Насыровтың туған күні. Тірі болса, бүгінде әнші 50 жасқа толар еді.
«Мұндай талантты адамдар біздің өнеріміз үшін керек, арамазыдан ерте кеткені өкінішті деп еске алады» шәкірттері мен достары.
«Мен «Кто-то простит» пен «Ловила любовь» әндерін орындаймын. Мұндай кештерде осы әндерді орындау арқылы біз өз репертуарымызды толықтыра аламыз. Мысалы «Кто-то простит» әнін орындауға рұқсат алдым, алдағы уақытта мен оны өңдеп шығарамын», – деді әнші Айқын ТӨЛЕПБЕРГЕН.
«Мен ең алғаш рет 2007 жылы Super Star.kz жобасында тікелей эфирде Мұрат Насыровтың «Кто-то простит» әнін орындадым. Сол кезде қатысушылар арасында ең көп дауыс жинаған едім. Сол үшін де осы әннің композиторы Мұрат Насыровқа шексіз алғысымды айтамын. Осы оқиға мені сазгермен байланыстырды деп айта аламын. Сол себепті де мұндай талантты әртістерді біз осындай кештер арқылы жие еске алуымыз керек», – деді әнші Әділжан ОМАРОВ.