Алматыда Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер конкурсы мәресіне жетті

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлемнің үздік әншілері бақ сынайтын байқауға 66 өтініш түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер конкурсы мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың бұлбұл үнді, күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенованың атындағы байқау екі жылда бір рет, Алматы мен Астанада қатар өткізіліп келеді. Қатысушылар – опералық, камералық вокалдың майталмандары. Оларға қойылатын талап та, берілетін сый да өзгеше.

– Мәриямгүлдің атынан ең жас қатысушыға арнайы сыйлық беріп отырмыз. Олар қазақтың халық әнін айтты. Сондай-ақ Бибігүл Ахметқызының репертуарынан классикалық ән орындады, – деді байқаудың үйлестірушісі Қарлығаш Әбдікәрімова.

Вокалистер байқауы – Орталық Азиядағы бірінші конкурс. Әлемнің үздік әншілері бақ сынайтын байқауға 66 өтініш түскен. Олардың арасында 14 өнерпаз ақтық сынға іріктелді.

– «Махир Тагизаде, Гран-при!» деген кезде ойланып тұрып қалдым. «Бұл мен ғой!» деп. Қобалжығаным соншалық, бас жүлдеге лайық болғаныма сене алмай тұрдым. Байқауға қатысқан әр өнерпаздың деңгейі биік, бәрін мойындаймын. Ұйымдастырушыларға көп рахмет, өте жоғары деңгейде өтті, – деді бас жүлде иегері Махир Тагизаде.

Байқаудың бас жүлдесіне әзербайжандық әнші лайық деп танылды. Жүлделі орындарға ие болғандардың ішінде қазақстандық вокалистер мен Қытайдан, Армениядан келген өнерпаздар бар. Олардың өнерін қазақтың маңдайалды жұлдызы Бибігүл Төлегенова жоғары бағалады.

– Қазақтың, әсіресе жігіттердің арасында жақсы әнші көп екен. Мен қуанып отырмын. Қыздар аздау, қынжылдым. Еліміз аман болсын, аспанымыз ашық болсын! Іштегі дау, сырттағы жаудан сақтасын! – деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бибігүл Төлегенова.

Ақтық сынға өткен 14 өнерпаздың ішінде арнайы сыйлық астаналық Хайрулла Айбек пен қытайлық Ю Жоянға, сондай-ақ ресейден келген Виктория Ивановаға бұйырды.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлы дала жорығы: Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанды

Новости партнеров