Көрмеде 124 жылдан астам уақыт сақталып тұрған суреттер бар
Астанада еліміздің ұлттық музейінің 10 жылдығына орай «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұражай қорынан 156 қылқалам шеберінің 200-ден астам туындысы жинақталған. Мерейтойлық көрмеде қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің ең жарқын туындылары ұсынылды. Көркемсуреттен бөлек, дәстүрлі қолөнер, зергерлік және тоқымашылық өнер бұйымдары, музыкалық аспаптар қойылған.
– Көрменің мақсаты – қазақ бейнелеу өнерінің тарихын даму үдерісін көрсету. Сонымен қатар көрмеге әлемге танымал классиктерімізбен қатар жас қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған. Ұлттық музейімізде 14-тен астам коллекция бар. 200 мыңнан астам жәдігерлер сақтаулы, – деді ҚР Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов.
Көрме кеңістігі «Қазақ кескіндемесіндегі тарихи сюжеттер», «Табиғат бейнелері – алуан түрлі пейзаждық мотивтер», «Қазақстан өнеріндегі суретші әйелдер», «Қазіргі заманғы өнер – жаңа есімдер» сияқты тақырыптық аймақтарға бөлінген.
– Біздегі жұмыстар 1900 жылдан басталады. 124 жылдан астам уақыт сақталып тұрған суреттер бар. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары музей қоры жас суретшілердің жұмыстарымен толықты. Олар көрме арқылы халық назарына ұсынылып отыр, – деді ҚР Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов.
Оқи отырыңыз: СҚО-да су тасқынына байланысты жеті елдімекен жарықсыз қалды