Гауһар Әлімбекованың адвокаты істің мән-жайын айтты

Гауһар Әлімбекованың Инстаграм парақшасынан
Гауһар Әлімбекованың Инстаграм парақшасынан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алаяқтық жасады деп айыпталып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған Гауһар Әлімбекованың адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын айтты, деп хабарлайды Нұр.кз.

Адвокат сот үкімімен келіспейтінін және апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеді.

Жұмағали Зинеловтің мәліметінше, іс 2013 жылы болған. Алматыда орналасқан «Ақкент» тұрғын үй кешенін пәтер алып беретінін айтқан Феруза Ордабаева 35 адамды алдап соққан. Өзін «әкімдіктенмін» деп таныстырған әйелге алданғандар ішінде Әлімбекова да бар.

Ордабаева әншінің кештеріне барып жүріп, жақын танысқан. Гауһар Әлімбекова алаяқтың сөзіне сеніп, үш туысына 40 мың долларлық үш пәтер алып беріпті.

Ал арада бір жыл өткенде әншінің үйіне келген құрбысы Б.Назарова пәтерге қызығып, Ордабаевамен танысады. Осылайша алаяқтың қолына 40 мың доллар ұстатып, бір айда баспаналы болған.

Тіпті әнші мен арызданушы Назарова бір подъезде тұрған. Ал уақыт өте келе бұл үй келісімшарт бойынша бөліп төлеуге сатылатын 37 млн теңгенің үйі болып шыққан.

Адвокаттың айтуынша, 40 мың долларды алған алаяқ тек пәтердің бастапқы жарнасын төлеген. Ал арада екі жыл өткенде баспана салушы компания бұларды үйден қуып шығады. Пәтер алушылар ай сайын 250 мың теңге төлеу керектігін келісімшарттан оқымаған. Осылайша әнші мен құрбысы Назарова және 35 адам далада қалыпты.

Осыдан кейін зардап шеккендер әйелді іздеп, сотқа арызданған. Ал Әлімбекованың қолы босамай, арыз жазбаған.

«Яғни, бұл істе әншінің өзі зардап шегіп отыр. Ол үш бірдей үйдің ақшасынан айырылып отыр. 2016 жылы істің басты фигуранты Феруза Ордабаева 7 жылға сотталған», - дейді адвокат.

2017 жылдың соңына дейін ақшасын әншіден күткен Б.Назарова шыдамы таусылып, Гауһар Әлімбекованың үстінен арыз түсіріпті.

Ал адвокаттың ойынша, айыптау актісі қате шығарылған. Әншінің кінәсі мен пайда көргенін дәлелдейтін бірде-бір құжат болмаған.

«Оның үстіне өзі алдағысы келген адамға өзімен көрші үйді алып бере ме? Бұл логикаға жатпайды ғой», - деді адвокат.

Естеріңізге сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың «алаяқтық» үшін 6 жылға сотталғаны белгілі болды.

Ал танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.

Отандық әншілер де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.


Новости партнеров