|
29.01.2021 | 14:42
4561

Алматыда мәдениет саласына еңбек сіңірген 75 қайраткерге Елбасының мемлекеттік стипендиясы табысталды

Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев салтанатты түрде табыстады

Алматыда мәдениет саласына еңбек сіңірген 75 қайраткерге  Елбасының мемлекеттік стипендиясы табысталды Almaty.tv

Мәдениет саласына еңбек сіңірген 75 қайраткерге Тұңғыш Президент - Елбасының мемлекеттік стипендиясы тағайындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өнер иелеріне стипендияны еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев салтанатты түрде табыстады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Бүгін еліміздің Мемлекеттік Хатшысы Қырымбек Көшербаев Алматыға Президент тапсырмасымен арнайы келіп өнер майталмандарының басын қосты. Отырыс барысында белгілі актер Сәбит Оразбаевқа Бірінші дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты түрде тапсырды.

85 жасқа толған Сәбит Оразбаев саналы ғұмырын театр сахнасында өткізіп, 100-ден астам драмалық рөлдерді ойнаған. Актер өнер жолын комедия жанрынан бастап, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ваня ағай» сияқты спектакльдерде жарқын бейнелерді сомдады.

«Еткен еңбегімізді бағалап, көңілімізді көтеріп, сол еңбектің жемісі деп кеудемізге тағып жатсыздар, рахмет. Дүние әлі-ақ өтер қинағанымен, Сыйластық тіршілікте сыйлағанмен дейді», – деді ҚР Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев.

Сонымен қатар, шара барысында белгілі каскадер Жайдарбек Күнғожинов «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталды. Есте болса, отандық «Nomad Stunds» каскадерлік тобы АҚШ-тағы Дүниежүзілік каскадерлер академиясының беделді «Taurus» сыйлығын иеленген болатын. Осы ретте Қырымбек Көшербаев бұл марапат еліміздің мәдениет және кино өнеріне зор үлес қосқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы мақалада құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. Бұл мәселеге болашақта тарихшы ғалымдар, мәдениет майталмандары, әсіресе, кино саласының мамандары баса назар аударған жөн. Өйткені ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған және таспаға түсірілген төл тарихымыз ұрпақтың санасын оятып ұлттың жадын жаңғыртуға жол ашады», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы жиында Президенттің жыл басында жарияланған мақаласының маңызына тоқталды. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ұлы тұлғалардың мерейтойлары ел болып атап өтіледі деді. Бұдан бөлек Тұңғыш Президент - Елбасы атынан берілетін мемлекеттік стипендияға 75 өнер иесі лайық деп танылған.

«Мен үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш деп есептеймін. Жастардың атынан ой қосатын болсам, осы үлкен бағдарламалық мақалаларға жалғас жастар әдебиетін қолдау бойынша да жаңа кешенді бағдарлама керек деп ойлаймын. Оның ішінде балалар әдеибетін қолдау, аударманың ауқымын кеңейту», – деді ақын  Мирас Асан.

Елбасы стидендиясы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Дулат Исабеков сияқты басқа да әдебиет және өнер қайраткерлеріне табысталды. Мұндай марапат рухани негіздерді әрі қарай да нығайтуға, қоғамдық сананы жаңғыртуға жаңа идеялар мен жобалар іздеуге серпін береді деген сенім білдірді Хатшы.

Назкен Еркін, АЙдана Нұраш, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир