Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, Отан соғысының ардагері Роза Шамжанқызының 100 жылдығына орай мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімдігі мұрындық болған іс-шараға қайраткердің ағайын-туысы, әріптестері қатысты. Олар естелік айтып, елге сіңірген еңбегін тілге тиек етті. Тақта Роза Шамжанқызы 1975 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін тұрған үйге қойылды.
«Анамның елге істеген қызметі орасан зор. Ол Қазақстанның шет елдермен ынтымақтастығы бағытында көп жұмыс атқарды. Министрдің орынбасары болды, тіпті зейнетке шыққаннан кейін де президент архивінде қызмет етті», – деді Р. Шамжанованың ұлы Ерлан Тәжібаев.
«Ол кісі ерекше адам болған, кішкентай кезімде біздің үйге жиі келетін. Мұндай тарихи тұлғалар қазір жоқ шығар деймін. 100 жылдық мерекеге арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына мен өте қуаныштымын, толқып тұрмын, қобалжып тұрмын», – деді Р. Шамжанованың туысы Нұра Өтебаева.