Мен жастарға сенемін: Алматыда оқушылар арасында республикалық айтыс өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Жыр додасына аймақтық сайыстардан іріктелген 20 жас ақын қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мен жастарға сенемін». Алматыда осындай атаумен оқушылар арасында республикалық айтыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Жыр додасына аймақтық сайыстардан іріктелген 20 жас ақын қатысты. 

Алаш атын ұран қылған, азаттығын жыр-ән қылған республикалық оқушылар айтысы биыл Алматыда осымен алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Атадан қалған өнерді дәріптеген жарыстың дәл Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатында өтуі дәстүрге айналған. Ал өнер додасына қатысып бақ сынаған ақындар еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда 8 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаладан келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын қатысушылардың саны да, айтыстың деңгейі де артып келеді.  Айтыстағы дәстүр бойынша барлығы да қарсыласын қапы қалдырып, оза шабуға тырысты.

Айтысты өткізудегі басты мақсат –  ұлттық өнерді ұлықтау, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру. Биыл жыр додасының бәсін арттыру үшін жүлде қоры екі еселеніп отыр. Жүйріктердің ішінен жорта шыққан тұлпарлар қомақты қаржыны қанжығыға байлайды. Жүлделі орынға ілікпегендер де құр қол қайтпайды. Бұл жолы айтысқа елімізге белгілі Айтақын Бұлғақов, Ринат Зайытов сынды айтыскерлер төрелік етті.

«Оқушылардың айтысқа бейімделуі қуантады. Өйткені, болашақ жастар десек, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін» деген Мағжан аталарының сенімін, аманатын ақтайтын Алаш арыстарының  ұрпаққа артқан үмітін, сенімін ақтайтын жастар, Мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың киелі өнерге, атамұра ақсүйек өнерге бет бұруы қуантады», – деді  ақын Серік Қалиев

Шын жүйріктің шабысы шыңдалатын додада жас ақындар жақсы өнер көрсетті. Бастысы, атамұра өнердің ұмытылмай келе жатқаны қуантады.

Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров