Күй атасы – Құрманғазы: Алматыда 200 күйшінің басын қосқан флешмоб өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Күй атасы – Құрманғазы» дейді қазақ бабамыз. Биыл – Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл. Осыған орай әсем шаһар Алматыда 200 күйшінің басын қосқан флешмоб өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мектеп оқушылары мен жоғары оқу орынының білімгерлері, ұстаздары жиылып, бір мезетте «Адай» күйін шертті. Іс-шараның басты мақсаты – айтулы мерейтой қарсаңында күйді дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық өнерді сіңіру.

«Күй өнерін дәріптеп, сабақ ретінде де енгізсек, біз қателеспейміз. Құрманғазыны, танымал күйшілердің жолын жалғастыратын азаматтар шығуы тиіс. Әр қазақтың баласы  домбыра ұстаса, жаман болмайды. Күй – үлкен өнер», – деді қоғамдық қор жетекшісі Рауан Оқас.

Ашық аспан астында баба мұрасын қайта тірілтіп, жиылған қауымның жанын тебіренткен жас өрендер жастайынан домбыраны үйреніп жүр. Олардың айтуынша, күй өнерін дамыту – міндет.

«Менің атам ақын, жыршы болған. Бірақ өкінішке қарай, өзінің балаларының ешқайсысы домбыра тартпаған. Әкем жалғыз қызының домбыра тартуды үйренгенін қалады. «Әр қазақ – менің жалғызым» дейді. Сондықтан барлық қазақ дәстүрін, домбырасын білсе екен деймін», – деді Абай атындағы республикалық мектеп-интернатының оқушысы Илина Елзат.

Новости партнеров