Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының жұртшылық өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел Президенті жұмыс сапары аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысып, бұл жобалардың ұлт руханиятына сүбелі үлес қосатын бастамалар болуы тиіс екенін атап өтті.
«Қазақ жазуын латын графикасына біртіндеп көшіруді бастадық. Бұл - қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне бейімдеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жасалған үлкен қадам. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қаржысына 600-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Осындай берекелі бастамалар әрбір өңірде жалғасын табуы керек», - деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Президент халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті.
«Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат - дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлы Абай туралы айтқанда, әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпау керектігін айтып, облыс әкімдігіне Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар өткізуге тапсырма берді.