Біржан-Сара ізімен: «Алматы» телеарнасында қыз бен жігіт айтысы қайта жаңғырды

Біржан-Сара ізімен: «Алматы» телеарнасында қыз бен жігіт айтысы қайта жаңғырды
Жобаның алғашқы шығарылымы 18 желтоқсанда 20:30-да көрерменге жол тартады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың төл өнері - айтыс «Алматы» телеарнасында қайта жанданып, «Біржан-Сара ізімен» деп аталатын телевизиялық жоба көрерменге жол тартады. Алдағы жексенбіден бастап жас ақындардың суырып салма өнері сарапқа салынбақ. Олар белгілі бір тақырып аясында екеуара айтысып, әлеуметтік мәселерді қамтиды.

Ұлттық нақышта безендірілген студия, қазақтың дархан даласы туралы дайындалған бейнероликтер. Телевизиялық жобаның ерекшелігі -  қыз бен жігіт айтысады. Бағдарламаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 24 жас ақын қатысады. Негізгі шарт - әдемі қалжың мен жарасымды әзілге өрнектелген тартысты сайыс ұйымдастыру.

«Қазіргі заманда өте құптарлық өнер додасы деп ойлаймын. додада жаңа есімдер, жас ақындар көзге көрініп жатыр. Айтыстың бірінші шарты суырып салу өнері болғаннан кейін сөз саптағанаұындардын салиқалы сөз, оймақтай ой айта алатын қасиеті күтетініміз анық», – деді халық ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Әсия Беркенова.

Айтыскерлердің өнерін елге белгілі ақындар бағалайды. Олардың тартысын Әсия Беркенова, Серік Қалиев, Аманғазы Кәріпжанов пен Ринат Заитов секілді өнер майталмандары сарапқа салады. Әділ-қазылар жас ақындардың тіл тазалығына, сахна мәдениетін сақтауына және суырып салмалық өнеріне аса мән береді.  

«Жобаға ескіліктен қалған есті үдісті жаңғыртып, жаңадан әкелсе екен, соған бейімделсе екен деген ниетпен жасалған жоба деп танып отырмыз», – деді айтыскер ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов.

Ұлттық өнерді ұлықтаған жобаның алғашқы шығарылымы 18 желтоқсан күні 20:30-да «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі. Бірінші бағдарламаның шымылдығын Дидар Қамиев пен Әсем Ережеқызы ашып бермек. Сөз бәйгесінен суырылып шығып, үздік атанғандар ақшалай сыйлықпен марпатталады. Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан айтыс өнері қашанда елдікті, бірлікті ту етіп, ұлт тұтастығы жолында қызмет етуден айныған емес.  

Ұлағат Арғын, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров