Сегіз қырлы, бір сырлы, бірнеше өнерді қатар алып жүрген Олжас Тоғымбетовтың өмірі мен өнерінде қандай жаңалық бар? Өнер жолындағы талантты актер әрі модель өзінің шығармашылығы жайлы «Алматы» телеарнасының «Таңғы студио» бағдарламасында берген сұқбатында айтып берді.
Шетелдік жобаға қатысқан отандық актер Үндістандағы түсірілім жайында сөз қозғап, іріктеуден қалай өткенін айтты.
«2018 жылдың көктемінде Санжар Мәди хабарласып, осы түсірілімнің іріктеуі жайлы айтқан болатын. Сосын өзім видео жасап жібергенді жөн көріп, атқа мініп шапқанымды, қылышпен қылыштасып жатқан сәтімді түсіріп жібердім. Артынан маған агенттер хабарласып, режиссерға ұнағанын айтып, 2-3 аптадан кейін жауабын айтамыз деді. Олар уақытынан бұрын хабарласып, мені алатынын айтты», – деді актер.
Сондай-ақ, ол өзге тілді меңгеру барысы мен шетелдік жобаның өзгешелігін атады.
«Түсірілім хинди тілінде болды. Біраз уақыт Skype арқылы редактормен хинди тілінде диалогтарды жаттап, сабақ өттім. Аса қатты қинала қоймадым. Жобаның ерекшелігін айтатын болсам, бұл Үндістандағы өлең мен бисіз түсірілген алғашқы жоба болды», – деді Олжас Тоғымбетов.
Сұқбаттың толық нұсқасын видеодан көре аласыздар.