Алматы кітапханаларының бірінде Махмуд Қашқари шығармаларының бұрышнамасы ашылды. Игі бастаманы Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулдығы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсат – бауырлас елдер арасындағы мәдени қарым-қатынастың нығаюына ықпал жасау. Махмұд Қашқари шығармаларын Түркі тарихы және мәдениет қоры сыйға тартып отыр. Олардың арасында әдебиет, өнер, тарих, философия, ғылым тақырыбын қамтитын 2 мыңға жуық кітап бар. Алматылық оқырмандар бұл туындыларды Alatau Creative Hub орталығындағы кітапханадан таба алады.
– Бұл жерде бұрышты ашып қоймай, түркі тілін тегін үйрету курсы ашылды. Ол дегеніңіз түрік тілді кітаптарды оқуға біздің жастарымыздың құлшынысын арттырады. Олар қайдан іздейді кітапты? Осы бұрыштан Махмұд Қашқари бабамыздың кітабынан одан да басқа кітаптардан ілім алатын болады, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Махмұд Қашқари – түрік тарихын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан танымал түрік лингвисі. Ол бірнеше поэтикалық шығармалар жазып қалдырған. Қазіргі ғалымдар түркі мұрасын зерттеуде оның туындыларын әлі күнге дейін пайдаланады. Іс-шара кезінде Қазақстан-Түркия арасындағы тарихи байланысты насихаттайтын тарихи құжаттардан тұратын көрме ұйымдастырылды.
– Тарихи дереккөздер мен құжаттар – кез келген мемлекет үшін құнды дүние. Сол себепті осы кітапханаға Махмұд Қашғари еңбектерінен бөлек, 1428-1900 жылдар арасындағы, яғни 500 жыл сақталған кітаптарды әкеліп отырмыз. Олардың арасында Осман мұрағатындағы құжаттар, түрік сұлтандары жазып қалдырған хандықтар арасындағы хаттардың үлгісі бар. Бұл біз үшін аса бағалы жәдігер, – деді Түркия республикасы президенті жанындағы Мемлекеттік архивтер дирекциясының директоры Угур Унал.