Алматыда Ішкі істер министрлігінің құрметті азаматы Рүстем Қайдаровтың өмірінен сыр шертетін жаңа жинақ жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясындағы аудиториялардың біріне салтанатты түрде генерал-майордың есімі берілді. Іс-шараға қатысушылар әскери қызметкердің жарқын бейнесін еске алып, оның еңбек жолынан үлгі алуға шақырды.
«Ол кісінің 70 жылдық мерейтойында қазақ тілінде кітап шықты. Соны біз аударып, толтырып, әріптестердің сұхбаттарымен, суреттермен және архив материалдарымен толықтырып шығардық», – деді Р. Қайдаровтың жары Аймен Қайдарова.
Естеріңізге салсақ, осыдан 2 жыл бұрын Алматыдан елордаға беттеген ұшақ әуежайдан ұшып шыққан бетте құлаған еді. Ресми мәлімет бойынша, апат салдарынан қаза тапқандардың арасында әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров та болған. Бүгінгі іс-шараға жиналғандар әскери қызметкердің есімі ел есінде мәңгі сақталып, еңбектері жалғасын табатынын айтты.
«Жастар көреді, үйренеді. Рекең Ішкі істер министрлігінің, осы жерде істеп жүрген қыздар мен жігіттердің есінде, ойында болады», – деді ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының кеңесшісі Талап Қабденов.