Бибігүл Төлегенова атындағы ХI халықаралық вокалистер байқауы басталды

Фото: t.me/s/sxodim
Фото: t.me/s/sxodim
Биылғы байқау Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен әнші шығармашылығының 70 жылдығына орай өткізіліп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтан қаласында Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауы басталды. 2004 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан конкурс еліміздің мәдени өміріндегі ерекше шараға айналған. Биыл өнер додасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен белгілі әнші шығармашылығының 70 жылдығына орай өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл конкурсқа елімізбен қатар, Ресей, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерден келген 70-ке жуық вокалист қатысады. Әншілердің дарынын әлемге белгілі өнер иелері бағалайды. Чехиядан келген мейман, әділқазы мүшесі Басыров Дамир Бибігүл Төлегеноваға байқауды ұйымдастырғаны үшін ерекше алғысын білдірді.

«Мен бұл конкурсқа 4-ші рет келіп отырмын және әрдайым үлкен қуанышпен келемін. Себебі бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Азия мен Еуропа үшін үлкен көлемді мәдени іс-шара. Бұл конкурстың арқасында танылмай жүрген қаншама воклисті көріп жатырмыз. Қатысушылардың бәрі дарынды. Мұндай байқаулар жаңа ұрпаққа мәдени-адамгершілік тәрбие беру үшін аса қажет», – деді Прага операсының солисі Дамир Басыров.  

Байқаудың салтанатты ашылуында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, Мемлекет басшысының ыстық лебізін жеткізді.

«Күміс көмей әншінің құрметіне тұрақты түрде өткізілетін халықаралық байқау талай талантты жастың жолын ашты. Конкурстың лауреаттары бүгінде төрткүл дүниеге танылып, жер жүзінің ең әйгілі сахналарында ән шырқап жүр. Мұндай іс-шаралар мәдениеттің өрісін кеңейтіп, адамзаттың рухани қазынасын байыта түседі», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Байқауға 19-32 жас аралығындағы әншілер қатысып жатыр. 3 күндік іріктеуден дарынымен дараланғандар 11 қазанда соңғы турда бақ сынайды. Марапаттау, гала-концерт пен байқаудың салтанатты жабылуы 12 қазанда болады. Ал тыңдаулар ашық түрде өтеді. Соңғы турға жіберілетін қатысушылар саны 14-тен аспайды.

«Бұл конкурсқа 3 ай көлемінде дайындалдым. Өзім оқу орында дайындалдым, одан кейін театрда жұмыс істеп жүріп, сол жерде дайындалдық. Аздап қобалжу бар. Менің Астанада жүргеніме 1 аптаның көлемі болып қалды. Ертең бірінші күні түстен кейін шығамын», – деді қатысушы Бекзат Абитов.

Қазақтың бұлбұл әншісі Бибигүл Төлегенова «Пандемия әкелген дадарысқа қарамастан ұйымдастырушылар байқауды өткізе білді» дейді. Әрине, бұған барлық қатысушылар қуанып отыр. Себебі опера өнерінің жанкүйерлері, көрермендер офлайн шараларды сағынған. 

«Қадірлі менің шәкірттерім! Бүгінгі біздің конкурсымыз пандемияға байланысты өте қиын жағдайда өтіп жатыр. Бірақ қиыншылық болса да, Құдайға шүкір, баршамыз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», еңбек етіп отырмыз. Президент айтқандай, қандай қиын жағдай болмасын, мәдениет саласына көп көңіл бөлу керек. Өйткені мәдениетсіздік адамға жыртқыштық әкеледі. Сондықтан мәдениетті көтеру – біздің парызымыз», – деді КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

Ұйымдастырушылар конкурстың Бас серіктесі болған «Самұрық Қазына» АҚ-на, әлеуметтік серіктесі –  «Samruk- Kazyna Trust» корпоративтік қорына алғыстарын білдірді. Олар да осы байқауда қазақ опера өнерінің жаңа «бұлбұлдары» жұлдыздай жарқырап шығуына сеп болып отыр.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров