«Алғысым шексіз халқыма!». Алматыда осындай атаумен танымал әнші Жанар Айжанованың алғыс айту күніне арналған шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықты дәріптеп, халық әндеріне қайта жан бітіру. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуді үйрететін мерекенің тәрбиелік мәні зор екенін алға тартқан әнші жиылған жұрттың алдында домбырамен өз репертуарындағы әндерін орындады.
«Шындықты айту керек. Қазір концертте домбырамен көп ән айтылмайды, себебі шақырмайды. Үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз. Көрерменге алғыс айттым, өзім де рухани азық алдым. Олар да алғысын білдіріп жатыр», – деді әнші, актриса Жанар Айжанова.
Шығармашылық кешке мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау саласының ардагерлері және көпбалалы аналар қатысты. Жиылған қауым жанды дауыспен айтылған әндерді тыңдап қана қоймай, әншімен емін-еркін тілдесе алды. Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, рухани іс-шараны музейде өткізудің өзіндік мәні бар.
«Қазақстан халқы жетінші рет алғыс айту күнін атап өтіп жатыр. Ата-анамызға, абзал жанды ақ халатты дәрігерлерге, ұстаздарымызға, достарымызға, әріптестерге, жалпы адамзатқа алғыс айтып жатырмыз. Бұл кешті де алғыс айту күні аясында ұйымдастырып отырмыз», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.