Қазақ елін әлемге танытып жүрген жас композитордың жеке жинағы жарыққа шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Рахат-би Әбдісағин – әлемдік үздік шығармаларды жоғары деңгейде орындап жүрген дарын иесі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алғыс айту» күні қарсаңында ұстазына тағзым еткен пианист, композитор Рахат-би Әбдісағин жеке ән жинағының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы Мұқан Төлебаев атындағы №5 музыкалық балалар мектебінің түлегі – әлемдік үздік шығармаларды жоғары деңгейде орындап жүрген дарын иесі. Ал тұсауы кесілген туынды Германияда таспаланған екен. Көпшілікті тәнті еткен музыкалық кеште Рахат-би Шопеннің балладаларын биік деңгейде орындап шықты.  

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде танылып, Қазақстанның «Дарын» жастар сыйлығын иемденген дарынды музыкант ән жинағын өзі білім алған мектеп қабырғасында таныстырды. Келген көрермендермен ашық тілдесіп, әр туындысын жеке орындап шықты. Жүз жаңа есім жобасына еніп, елінің атын әлемге танытқан 23 жастағы композитор бұл кездесуді асыға күткенін жеткізді. 

«Пианинода орындалған туындыларымның жинағын сіздермен бөлісіп отырғаныма қуаныштымын. Өзім оқыған алтын ұямның әр бұрышы мен үшін қымбат. Ал мені бұл бағытқа баулып, музыкалық білім алуыма шабыт берген ұстазым Ирина Вихновская болатын», - деді пианист, композитор Рахат-Би Әбдісағин.

Он үшінде ең жас музыкант атанып, он сегізінде магистрлікті қорғаған Рахат-би Италиядағы Джузеппе Верди атындағы жетекші консерваторияда білім алған. Сол орасан еңбегін бүгін қалың көпшілікпен бөлісіп отыр. Дәл осындай маңызды шараны жауапкершілікпен атқардық деген музыкалық мектеп ұжымы осы сәтті дарынды шәкіртімен бірге бөліскеніне бек қуанышты.

«Бұл іс-шара өте маңызды. Себебі мұндай форматтағы кеш дарынды шәкіртімізбен бірге мектебімізде өтті. Залға келген көпшілік халықаралық дәрежедегі музыкант, композитормен қауышқанына риза», - деді М.Төлебаев атындағы №5 музыкалық мектептің көркемдік жетекшісі Шамиля Чалдаева.

Рахат-бидің алғашқы ұстаздары оның әр іске жауапты, еңбекқор екенін айтады. Шопеннің балладасын, күрделі шығармаларын шыңына жеткізіп орындауы да содан болар деп топшылады.

«Ғылыми жетекшісі болдым. Кезінде сол Рахат-би біздің мектебімізде де оқыды. Ғылыми жобаларға қатыстық. Сол арқылы халықарылық конкурстардың жеңімпазы болдық. Оның сол кездегі қорғаған тақырыбы заманауи музыка және математика болатын», - деді №178 мамандандырылған лицей директоры Қайрат Шадиев.

Жиырма жасында екі опера жазып, 150-ге жуық классикалық музыкалық шығармалардың авторы атанып үлгерген дарын иесі қазақ елін ары қарай да әлемге таныта беретінін айтады. Ал сазды әуеннің әсерімен музыка әлеміне сапар шеккен көрермендердің ыстық лебізінде шек болмады.

Оразай Нұртай, Әлібек Шынтемір, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров