«Нұр-Сұлтан ‒ болашақтың астанасы». Осындай атаумен Алматыдағы ұлттық кітапханада ел егемендігінің 30 жылдығына және Елорда күніне орай кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Онда астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының тарихы, инфрақұрылымының дамуы, архитектурасы, экономикасы, мәдениеті жайлы танымдық-зерттеу материалдары мен көркем шығармалар қойылған. Сондай-ақ, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күрделі шешімдері, сәулет саласындағы ізденістері, қаланың болашағы туралы ойларын баяндайтын жәдігерлер паш етілді. Көрмеге қойылған туындылардың саны 3 мыңнан асады. Көрме шілде айының соңына дейін жалғасады.
«Бұл көрмеде Сарыарқаның төсінен іргесін көтерген, бүгінгі таңдағы еңселі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының даму тарихын көруге болады. Тәуелсіздігіміздің символы ретінде алыстан көз тартатын сәулетті ғимараттар, сұлу көшелер, ол көшелермен жүрген ұлы тұлғалардың бүкіл тарихы осы көрмеде қамтылған», ‒ деді ҚР Ұлттық кітапханасы Көрмелер және мәдени бағдарламалар қызметінің кітапханашысы Құрмет Қарабаев.