|
15.11.2021 | 16:47
1812

Мен дүниеге келген күні Абай ескерткіші орнатылған: Болат Әбділманов 61 жасқа толды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері халық жадында «Абай» бейнесімен жатталып қалған

Мен дүниеге келген күні Абай ескерткіші орнатылған: Болат Әбділманов 61 жасқа толды «Абай» сериалынан кадр

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділманов 61 жасқа толды. Ел ағасының төл мерекесінде әртістің ұлы да Отан алдындағы борышын адал атқарып, үйге оралды. Қос қуанышы қатар келген қайраткер көп жадында «Абай» бейнесімен жатталып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Абай» образы ең алғаш рет 1940 жылы сомдалған еді. Режиссер Асқар Тоқпанов сахналаған бұл бейнені содан бергі 80 жылда бірнеше буын өкілі әртүрлі қырынан танытты. Ал Болат Әбділманов сомдаған Абай ел есіне әуелі түр ұқсастығымен, дауыс ырғағымен, кәсібилігімен есте қалды. Абайды ойнау әр актердің арманы десек, сол арманға адаспай жеткен Болат Мәзімбайұлы күні кеше 61 жасқа толды.  

«1960 жылы 12 қараша күні Алматыда Абай ескерткіші орнатылған екен. Дәл сол күні мен дүниеге келіппін. Сондықтан соның өзін мен жақсы ырымға балаймын. Мен қайда барсам да, халық мені «Абай» деп айтып жатады. Осының өзі маған үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов.

Киелі сахнаның қыр-сырына қанығып, көптің көкірек көзін ашуды, көрерменнің көңілінен шығуды кәсіби мақсат тұтқан актер қай кезде де ерен еңбек пен тынымсыз ізденіс болуы қажеттігін баса айтты. Ал әртістің ағасы «Болаттың бүгінгі болмысы бала кезінен қалыптасқан» дейді. 

«Осындай дәрежеге ол өзінің нақты табиғи талантымен жетті. Бұл кісінің батырға тән болмыс-бітімі бар. Батырға тән адуынды мінезі де бар. Ақкөңіл, жайдары адам», – деді Б.Әбділмановтың ағасы Жүрсін Рамазанұлы.

Ағайын-туысты ақ дастарханда жинап, алқалы әңгіме құрған актер «Отбасы құндылығы мен қазақы тәрбиенің әр шаңырақта сақталуы – бүгінгінің басты тақырыбы, аға буынның негізгі міндеті» дейді. Ал әр жігіттің әуелгі борышы – Отан алдындағы парызын өтеуі десек, осы міндетін өзі де атқарған әке туған күнінде туған ұлын әскерден күтіп алды. Қос қуаныш деу себебіміз де сол еді. «Азаматтық парызын адал атқарған ұл көпке үлгі болса» дейді актер өз сөзінде.

«Жастардың арасында армия қатарына барғысы келмейтіндері туралы естіп қаламыз. Сол жағы жүрегімізді ауыртады. Ата-бабамыздан көздің қарашығындай сақта деп қалдырған Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы кең байтақ жерді біз кейінгі ұрпаққа қалдыруымыз қажет», – дейді Болат Әбділманов.

Сахнада ұлылық пен даналықты сомдайтын актер әр отбасында құндылық пен елге деген сүйіспеншілік үстемдік құруы керек деп есептейді. Осы тұста біз Болат Әбділмановтың әкелік міндеті мен сахналық образының байланысқанын байқай аламыз.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир