|
24.11.2022 | 16:59
1768

Ахмет Байтұрсынұлы-150: «Соңғы үкім» тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды

Фильмнің тұсаукесері 2023 жылдың 2 ақпанына жоспарланған

Ахмет Байтұрсынұлы-150: «Соңғы үкім» тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды inform.kz

Семейде қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Соңғы үкім» тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды. Туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен өндіріске енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жобаның түсірілімі өткен жылы Алматыда басталған. Биыл түсірілім процесінің негізгі бөлігі Семей қаласында және Алматы мен Абай облыстарының табиғи нысандарында өтті. Қазіргі уақытта картинаны монтаждау кезеңі жүріп жатыр. Ал фильмнің тұсаукесері 2023 жылдың 2 ақпанына жоспарланған. Себебі осы күні Байтұрсынұлы редактор болған алғашқы кәсіби «Қазақ» газетінің 110 жылдығы тойланады.

Фильм ХХ ғасырдың басындағы қазақ саяси элитасының ең жарқын көшбасшыларының бірі, қазақ грамматикасының негізін қалаушы, ғалым, ақын және публицист өмірінің қырық жылын қамтитын шағын эпизодтардан тұрады.

Киножоба бастауыш мектептің қарапайым оқытушысынан ұлттың ұстазына айналған Ахметтің таңғажайып тағдырына әсер еткен маңызды оқиғалар туралы баяндайды.

«Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қудаланған, бірнеше рет қамауға алынған. Бірақ соған қарамастан толық драма мен трагедияға толы дәуірде әдемі махаббатқа да орын таба білген саясаткер-күрескердің арпалысқа толы өмірі көрсетіледі. Басты рөлде Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ фильмде Дарья Александрова, Александр Багрянцев, Ерлан Кәрібаев және басқалар ойнады.

«Ахмет Байтұрсынұлы – біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Ахметтің жасаған ісі, Алашорда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды көрерменге көрсету керек», - дейді басты рөлді орындап шыққан Азамат Сатыбалды.

Түсірілім тобын режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарды.

Қоюшы-оператор - Марс Омаров. Бас продюсер - Дастан Атығаев. Сценарий авторы - Ғалым Доскен.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

След. →
Прямой эфир