|
25.01.2019 | 17:30
8688

«Ұйқыдағы ару», жапон көрмесі: Алматыда демалыс күндері қандай мәдени шаралар өтеді

«Ұйқыдағы ару», жапон көрмесі: Алматыда демалыс күндері қандай мәдени шаралар өтеді

Әлемге әйгілі Ресейдің Үлкен театрының әртістері Алматыда өнер көрсетпек. Олар Абай атындағы опера және балет театрында «Ұйқыдағы ару» балетінің басты рөлдерін сомдайды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтпек. 93-ші театр маусымының кезекті премьерасы – Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы Александр Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасы. Демалыс күндері қалада тағы қандай мәдени шаралар ұйымдастырылады, Almaty.tv тілшісі тарқатады

«Ұйқыдағы ару» балеті – техникалық жағынан қиын да көзтартарлық балет. Абай атындағы опера және балет театрында қойылымдағы басты партияларды Ресейдің үлкен театрының прима-балеринасы мен премьері орындайды. Олар көрермендерді таңғажайып би әлеміне жетелейді. Өнерсүйер қауым түрлі-түсті декорацияларды, әдемі киімдерді және отандық әрі ресейлік әртістердің өнерін 27 қаңтар күні Абай атындағы опера және балет театрында кешкі сағат 18:00-де тамашалай алады.

«Өткен жылы біз үлкен балет фестивалін өткізген болатынбыз. Ол Мариус Петипаның 200 жылдығына арналды. Енді осы жолы тағы да көрерменге Мариус Петипаның хореографиясын көрсете алатынымыз ерекше қуантады. Бұл балет көрермен тарапынан қашан да сұранысқа ие. Бұл классикалық туынды хореография мен музыканың эталоны болып саналады», – деді «World Ballet Stars іn Kazakhstan» жобасының продюсері Ерлан АҢДАҒҰЛОВ.

Қойылымдағы әр кейіпкердің болмысы өзгеше. Олар ең маңызды нәрселер туралы айғайламайды. Тіпті, сыбырлап жеткізеді. Өмір бойы құнды деп санаған дүниенің уақыт өте бағасын жоғалтуы. Бұрынғы өмір салт пен қазіргінің қайшылықтары көркем зердеден өтеді.

«Бүгінгі қойылым – «Сүйікті менің ағатайым». Жалпы, бұл спектакль театрымыздың керемет актері, өмірден ерте кеткен талант Әнуар Боранбаевқа арналады. Мен өзі рөлімді де сол кісіге арнаймын. Менің сомдайтын рөлім –Серебряков», – де»ді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек АРАЛБАЙ.

«Сүйікті менің ағатайымның» жаңаша көркемдік танымдағы бұл екінші қойылымы. Спектакль ерекшелігі актерлік құрамында. Сахнада елімізге танымал Ғазиза Әбдінабиева, Төлеубек Аралбай, Бақтияр Қожа, Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Салтанат Бақаева, Зарина Кармен, Асан Қырқабақовтар өнер көрсетеді. Қоюшы режиссері – Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Қоюшы суретші – грузиялық Тамар Охикян. Қойылым 26 қаңтар күні кешкі сағат 18:30-да Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылады.

«Биыл Жастар жылы деп жарияланып жатыр. Бұл осы Жастар жылындағы Әуезов театрының ең алғашқы жаңа қойылымы. Қойылым өнерде, кинода, театрда жүрген талантты жастарымыздың ойынын, шығармашылық қабілетін көрсететін спектакль болып есептеледі. Қойылым ескі мен жаңаның, өткен мен бүгіннің айтысын бейнедейді. Біздің басты мақсатымыз – қазіргі көрерменнің санасына әсер ету, сахнадағы актерлер мен көрерменнің ортасындағы интеллектуалдық сұхбат құру», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, рһd докторы Асхат МАЕМИРОВ.

Алматыда жапон және қытай шеберлері жасаған туындылар көрмесі өтіп жатыр. Онда ежелгі Шығыс аңыздары туралы өткен ғасырдың ортасындағы жәдігерлер қойылған. Ұйымдастырушылар көрмеге арнайы алуан түрлі өсімдіктер мен құстардың бейнесімен оюланған туындыларды таңдап алған. Олардың арасында ХVІІІ ғасырдағы қытай фарфоры, қоладан жасалған ыдыстар да көпшілік назарына ұсынылған.

«Көрмеге аңызбен байланысты туындыларды таңдап алдық. Бәрі де мүсіншілер мен суретшілердің жеке коллекцияларынан алынған. Бұл келушілерді қызықтырары сөзсіз. Көрме қытай, жапон және үнді елдерінің ежелгі аңыздарымен таныстырады», – деді өнертанушы Мария КОПЕЛИОВИЧ.

26 қаңтар күні Шымбұлақта әуесқой спортшылар арасында тау шаңғы жарысы өтеді. Додада балалар да ересектер де бағын сынай алады.


Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир