Алматыда Сұлтанахмет Қожықовтың туғанына 100 жыл толуына орай көрме ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Сұлтанахмет Қожықов – «Қыз Жібек» көркем фильмінің режиссері
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Белгілі кинорежиссер Сұлтанахмет Қожықовтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматыда ауқымқы көрме ашылды. Салтанатты рәсімде қайраткердің қазақ өнеріне қосқан үлесі, отандық киноны дамытудағы рөлі айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алтынның сынығы, асылдың тұяғы» атты көрме Қожықовтар әулетінің шығармашылығын паш ету мақсатында ұйымдастырылған. Мемлекеттік өнер музейінің алтын қорында сақталған суретші Қожа-Ахмет, Құлахмет Қожықовтар мен Ләтипа Мұңайтпасқызының туындысы көрмеге қойылды.

«Қанша атақ, абыройға бөленсе де қарапайымдылығынан, адамдығынан танбайтын. Өте кішіпейіл еді. Осы көрме арқылы оның шыққан тегін, өнерлі отбасында өскенін көрсеткіміз келді», – деді С. Қожықовтың немере қарындасы Сәуле Қожықова.

Сұлтанахмет Қожықов – қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналған «Қыз Жібек» көркем фильмінің режиссері. Көрмеге фильмнен және «Біз Жетісуданбыз», «Ана мен бала» секілді туындылардан алынған фотосуреттер мен бұрын жарияланбаған деректер қойылды. Сондай-ақ қайраткердің өз қолымен өрнектеліп, газет-журналдарға жарияланған шарж жанрындағы суреттері көрсетілді. Айта кетейік, көрмені өнерсүйер қауым Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік музейінде 11 сәуірге дейін тамашалай алады.

«Оның тағдыры ауыр болды. Соғысты да көрді, қиын жағдайдың бәрінен өтті. «Қыз Жібек» киносын түсіріп біткенше көрген қиындығын ешкім жазбады», – деді Қазақстанның Халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай.

Новости партнеров