Домбыраны қалай таңдауға болады: Қызылордада түрлі аспап жасайтын шебер маңызды кеңес айтты

Стоп-кадр
Стоп-кадр
Ақбүркіт Жауынғаров домбыра жасауға бала күнінен қызығушылық танытқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сыр өңірінде домбыраның құлағында ойнап, күйді нақышына келтіріп орындайтындар жетерлік. Ал төрден түспеген киелі аспапты сапалы етіп жасайтын хас шеберлер, керісінше, санаулы. Солардың бірі – Ақбүркіт Жауынғаров. Аз болса да ісі саз ұстадан өзге өңірлерден келген шеберлердің де үйренері көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Ақбүркіт Жауынғаров домбыра жасауға бала күнінен қызығушылық танытқан. Ұсталыққа ебі бар жігіт шеберлерден дәріс алып, музыкалық аспапты жасаудың қыр-сырын меңгергеніне он жылға жуықтапты. Екі жыл бұрын жеке шеберханасын ашып, кәсібін бастаған.

«Мемлекеттен 1 млн 200 мың теңге грант алып кәсібімді бастап кеттім. Қазіргі таңда қасымда бір жұмысшым бар. Бір домбыра 10-15 күнде шығады. Бірақ біз бір ғана домбыра жасамаймыз, бірден 5-10 домбыраны қатар жасаймыз», - деді ұста Ақбүркіт Жауынғаров.

Түркі жұртының тарихы бағзы дәуірден бері домбыраның пернесінде, заманалардың зердесінде сыр болып шертіліп келеді. Міне, қазақ үшін осыншалықты құнды аспапты құрастыру шеберлікпен шектелмей, таным таразысын да електен өткізеді. Ағаш ұстасы «Арнайы музыкалық білімі болмаса да мақам-саздың мәнін терең ұғынамын» деп отыр. Бұл қасиеті әрбір домбыраның дыбысы күмбірлеп, үнінің таза шығуына көмектеседі. Жалпы, аспаптың сапалы шығуы қолданылатын ағашқа тікелей байланысты» дейді ұстаның өзі. Шебер сондықтан жергілікті қара ағашты пайдаланады. Өйткені, қарағаш акустикалық материал әрі дыбыстың тербелісі мен үніне тікелей әсер етеді екен.

«Осы қарағашты пайдаланамыз, өзінің өрнегі осы. Осыны шанаққа пайдаланамыз. Қолмен жұмыс істейміз. Ағаштың қай жері ой, қай жері тегіс екенін алақанмен сеземіз», - деді ұста Ақбүркіт Жауынғаров.

Домбыра жасау ептілікті, төзімділікті қажет етеді. Шебер үшін үнемі ізденісте болу да маңызды. Осы мақсатта еліміздің әр өңіріндегі ұсталар бір-бірімен өзара тәжірибе алмасып тұратын көрінеді. Мәселен, тараздық шебер Алмас әріптесінің өнері мен дағдысын меңгермекке Қызылордаға арнайы келген. 

«Аспаптың қылқобыз, жетіген, домбыра сияқты түр-түрін жасай беремін. Ата кәсіп, атам, әкем бәріміз толықтай осы шеберханамен айналысамыз. Домбыраны әркім әрқалай жасайды. Менікі бөлек, бұл кісінікі бөлек. Бір-бірімізден қажеттісін аламыз. Осыны көрсек, өссек деген мақсат қой», - деді ағаш шебері Алмас Жарасұлы.

Шағын шеберханадағы қызу тірлік тапсырыс түскенде бір сәт те толастамайды. Тұтынушының талғамына сай домбыра жасап шығу - ұстаның басты ұстанымы. Шәкірт тәрбиелеуді қолға алған ол болашақта цехын үлкейтіп, өнім көлемін арттырмақ ниетте. Сондай-ақ өнер орталығын ашып, ұлттық құндылықты ұлықтауды жоспарлап отыр.

Асқар Сәрсенұлы, Т. Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Үйлер қайта бұзыла ма: Шымкентте құрылысшылар бір жылдан бері жалақы алмаған

Новости партнеров