Үйлер қайта бұзыла ма: Шымкентте құрылысшылар бір жылдан бері жалақы алмаған

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар мемлекеттік бағдарламамен берілетін баспаналарды салған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйді салған құрылысшылар шу шығарды. Өйткені, мұндағы бір топ азаматқа бір жылдан бері жалақы берілмей келген екен. Осыған наразы болған бұқара жеті ай бойы тегін жұмыс істегенін айтады. Ал келісімшартқа отырған компания бюджеттен тиесілі соманы алып, ізін суытқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.


Бұл - Бозарық шағын ауданындағы оннан астам тұрғын үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалаған жұмысшылар. Арасында Өзбекстан азаматтары да бар. Жеті ай бойы мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйді салған олар сол күйі жалақымызды ала алмадық деп қынжылады.

«Біздің атымыздан мемлекетке ечеп өткізіп, 271 млн теңге алып алған. Яғни, ақшамызды бізге бермей, алған адам жаратып жіберді дейді. Прокурорға жазғанбыз. Ол жақтан да еш нәтиже шықпады. Ол шеберге ешкімнің тісі батпай ма?» - деп қынжылады жұмысшы Арман Әкімбаев.

Бесқабатты баспана мемлекеттік бағдарламамен үй кезегінде тұрған азаматтарға былтыр берілуі керек еді. Бірақ алматылық мердігерлердің былығынан пәтерлер биыл да табысталмайтын сыңайлы. Ал ашуға булыққан бұқара тиесілі табысымыз қайтарылмаса, құрылысты қиратамыз деп бекініп отыр.

«Бізді сотқа беріңіздер дейді. Сотқа беруге қазіргі таңда ақшамыз да жоқ. Сотқа беру үшін біз 3 пайыз төлем төлеуіміз керек. Ол дегеніңіз – 2,5 миллион теңге. Ондай ақша түгілі, қазір арлы-берлі жүретін ақшамыз да жоқ. Біз енді не істерімізді білмейміз. Мына үйлерді бұзамыз ба, әлде басқа амал қыламыз ба?» - деп ашынды жұмысшы Берік Бердалиев.

Алматылық құрылыс компаниясы Шымкенттен өзге, Алматы облысы, Қостанай және Петропавл қалаларынан да тапсырыс алған. Қызығы, жалақы жыры осы аталған өңірлерде де өзекті көрінеді. Мысалы күні кеше орталық кеңседе Қонаевтағы құрылысшылар жиналып шу шығарыпты. Наразы топтың сөзін тыңдауға келген компания өкілі аталған мәселені шешу үшін құрылтайшыдан бастап, директорлар алқасының түгел ауысқанын айтып, ақталды.

«Біз компанияда аудит өткіземіз. Сол кезде ақшаны кімнің қайда жұмсағаны белгілі болады. Мердігер біздің қарызымызды осы аптада төлеп беремін деп отыр», - деді құрылыс компаниясының өкілі Асхат Жолдасбаев.

Айта кетейік, жарты жыл бұрын Алматы облысының еңбек инспекциясы басы дауға қалған бұл компанияға айыппұл салған. Ал тексеру жұмыстарын қалалық инспекция жүргізген еді. Алайда жалақысын даулаған жұртқа әзірге бұдан келіп-кетер пайда болмаған сыңайлы.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Құбырды кесіп тастаған: Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары ішерге су таппай отыр

Новости партнеров