Мемлекет басшысы Рамазан Стамғазиевты туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев 55 жасқа толды.
Әншіні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаған. Мемлекет басшысының арнайы құттықтауын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев табыстады.
«Халқымыз өзіңізді елдің рухани-мәдени саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан әнші, белгілі дарын иесі ретінде жақсы біледі. Ұстаздық қызметті абыройлы атқарып, ұлттық музыканың қайнар бұлағынан сусындаған білімді шәкірттер тәрбиелеп жүрсіз. Халқымыздың дәстүрлі ән өнерін насихаттап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, еңселі Отанымыздың өркендеуі жолында еселі еңбек ете беруіңізге тілектестік білдіремін» деп жазылған Президенттің құттықтауында.