|
16.02.2022 | 19:40
3539

Министрлік мәдениет пен әдебиет саласындағы қордаланған мәселелерді талқылады

М. Әуезов театры мен Өнер академиясының, Жамбыл атындағы филармонияның және Неміс драма театрының жағдайы сын көтермейтіні айтылды

Министрлік мәдениет пен әдебиет саласындағы қордаланған мәселелерді талқылады inform.kz

Кейбір республикалық мәдениет ұйымдары ғимараттарының техникалық жағдайы төмен. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтің сөзінше, әсіресе М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толықтай қалпына келтіруді қажет етеді. 40 жылда ғимаратқа бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Сонымен қатар ол Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бас корпусы да айтарлықтай ескіргенін атап өтті. Арнаулы аудиториялар, тәжірибе сабақтарына арналған павильондар, жатақханада орындар жетіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Мәдениет саласында қордаланып қалған мәселелер көп. Олай деуге себеп, елордада өткен Мәдениет, архив ісі және баспа мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде сала мамандары толғақты түйткілдерін жіпке тізді. Мәселен, Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек әдебиет саласының кенжелеп қалған тұстарын атады. Ол Мәдениет туралы заңда көркем әдебиет туралы тарау жоқ екенін алға тартты.

«Біріншіден, қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда театрлар мен кітапхана туралы тараулар бар, тіпті кино саласында арнайы заң қабылдадық. Оның бәрі керек, бәрі дұрыс. Бірақ осы театр мен киноның негізінде қандай дүние жатыр? Ол әрине, әдебиет. Әдебиет болмаса, кино мен театр қойылымы қайдан шықсын? Кітапхана туралы тарау бар, бірақ сол кітапхана сөрелерінде әдеби кітаптар тұрған жоқ па?» - деді Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек.

Ал Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов дүкендерде қазақ авторларының туындылары аздығы мәселесін көтерді. Оның дерегінше, мемлекеттік бағдарламалармен шығатын кітаптар облыс, аудан орталықтарындағы кітапханаларға жеткізілуде. Ал бірақ ол кітаптар дүкендерге жетпейді. Себебі баспалардың бағдарлама бойынша орындалған тапсырыстың үстіне артық тираж шығарып, оны сатуға өткізетін құқықтары жоқ.

«Себебін іздейтін болса, әрине, ол нарықтағы кітап сату және кітап сатып алу мәдениетіне келіп тіреледі. Республика территориясында жұмысы жүйеленген дүкендердің сөрелерінде қазақстандық авторлардың, оның ішінде қазақ әдебиетінің белгілі ақын-жазушыларының еңбектері сирек кездеседі. Ал «Меломан» желісінің басшыларының айтуынша, ондағы дүкендерде елімізде шыққан кітаптардың үлесі он-ақ пайыз», - деді ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов.

«Шәкен Айманов» атындағы «Қазақфильм» президенті Ақан Сатаев студия тапқан барлық қаражат қызметкерлердің жалақысы мен әкімшілік-шаруашылық қажеттіліктерге жұмсалып жатқанын айтты. Өз фильмдерімізді шығаруға қаражаттың жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр дейді. Бұл ретте Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Қазақфильм» президенті Ақан Сатаевқа киностудияның қордаланып қалған мәселелерін шешуге уәде берді.

«Мұнда көптеген мәселелер бар, бірақ мен бір ғана фактіні айта аламын. 30 жыл ішінде «Қазақфильм» 600 фильм шығарса, 52 фильм жарыққа шықты, бұл 8 пайызды құрайды. Мәселе мынада, бір жерде авторлық құқық сақталмайды, бір жерде техникалық талаптар қатты. Қанша фильмнің табыс әкелгенін қазір айтпай-ақ қояйын. Айтар болсам, бүкіл алқаның жадында тек осы сандар ғана қалады. Біз бүкіл мәселені көтеріп, осы жағдайды талдап, түзетуіміз керек», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Бұдан бөлек, министр М. Әуезов театры мен Өнер академиясының, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Республикалық академиялық неміс драма театрының қазіргі жағдайы сын көтермейтінін айтты. Бұл ретте ол өз орынбасарына 35 мәдениет нысанының құрылысын және 265 нысанның жөнделуін бақылауға алуды тапсырды. Бұдан бөлек, Дәурен Абаев мәдениет саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік қамтылуын жақсартуға да уәде берді. «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдарының лауазымдық жалақыларына қосымша ақылар мен үстемеақылар әзірлейтіндерін жеткізді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир