Атыраудағы жалғыз Құрманғазы мәдениет үйіне жөндеу қажет. 80 жылдық тарихы бар ғимарат әбден ескірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әбден ескірген нысанға күрделі жөндеу жүргізу ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі бастапқыда жергілікті атқарушы орган қателік жіберген. Ғимарат республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш болғандықтан, оған күрделі жөндеу және реставрация жұмысын жасау үшін арнайы ғылыми жоба жасақталуы тиіс еді. Ал жергілікті әкімдік жобалық-сметалық құжат дайындап, тендер ұйымдастырған. Нәтижесінде, бұл шаруаға лицензиясы жоқ компания кіріскен.
– 1982 жылдан бастап ғимарат республикалық тарихи ескерткіш қорғауында тұр. 2019 жылы құжаттама жасалып, дайындап берген. Тарихи-мәдени ескерткіш болғандықтан, сметалық ғылыми жоба жасалу керек еді. Қаңтарда «Азамат құрылыс» деген компания тендерді ұтып алған, бірақ лицензиясы жоқ. Сондықтан мәдениет сарайының күрделі жөндеуі тоқтатылды. Қазіргі таңда келісімшарт бұзылып, төленген қаражат 100 пайыз қайтарылды, – деді «Құрманғазы» мәдениет сарайының директоры Мақсот Торпақов.
Әу баста тендерді ұтып алған компания жұмысты шала-шарпы жүргізген. Мәдениет сарайы директорының айтуынша, ғимараттың тарихи маңызы бар бөліктері сол қалпында. Бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, ақпараттандырып жүрген өлкетанушы Лев Гузиков, жөндеуді жоспарлаған кезде заң талабамен танысып шығуы керегін аттй.
– Бастапқыда жұмыс дұрыс басталған жоқ. Жобалық-сметалық құжаттан бастап, сараптаманың қорытындысы да дұрыс болған жоқ. Себебі ешкім заң талабына мән берген жоқ. Бұл – масқара! Енді күрделі жөндеу жұмысын қай компанияның қашан аяқтайтыны белгісіз, – деді өлкетанушы Лев Гузиков.
Болашағы бұлыңғыр нысанның қашан жасалып бітетіні белгісіз. Қазір мәдениет ошағының есігі тарс жабық тұр. Жөндеуді кімнің жүргізетіні де сұрақ күйінде қалды.
Ұлағат Арғын, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Зейнетке ерте шығатын мамандықтар тізімі белгілі болды