|
24.08.2023 | 18:12
731

Зейнетке ерте шығатын мамандықтар тізімі белгілі болды

Қазақстандық кеншілер 55 жастан зейнетке шығуы мүмкін

Зейнетке ерте шығатын мамандықтар тізімі белгілі болды Pixabay/pexels.com

Зейнетке ерте шығатындар қатарына шахтерлер, металлургтер, рентгенологтар және зиянды еңбек жағдайында қызмет етіп жүрген басқа да мамандар бар. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгін елордадағы жоғары білім және ғылым форумынан кейін тілшілер Үкімет басшысының орынбасарынан кеншілердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

-Жұмыс тобы ортақ шешімге келді. Премьер-Министр (кеншілердің) 55 жастан зейнетке шығуы, кемінде 7 жыл еңбек өтілінің болуы, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының аударылуы сияқты алғашқы талаптарды жариялап үлгерді. Сондықтан қазір бұл жұмыс аяқталып келеді, - деді Тамара Дүйсенова. 

Осы орайда ол жақын арада бұқаралық ақпарат құралдарына аталған санаттағы адамдардың зейнетақасына қатысты баяндайтынын айтты. 

-Бұл тұрғыда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқан адамдардың саны жайында толық мәлімет береміз. Осы санатта тек кеншілер ғана емес, сонымен қатар басқа салалардағы металлургтер, денсаулық сақтау саласындағы рентгенологтар, МРТ құралында жұмыс істейтіндер бар. Себебі осы адамдар да медицина саласында күн сайын денсаулығына зиянды жағдайда қызмет етіп жүр, - деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Оның айтуынша, тиісті еңбек өтілі болған жағдайда шахтерлер 55 жастан зейнетке шығуы мүмкін. Қазір бұл өзгерістер 2024 жылдан бастап күшіне енуі ықтимал. Бұл ретте қаржыландыру көлемі есептеліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Елімізде интернет алаяқтық өршіп тұр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир