Қазақстандықтар биыл әлемге әйгілі Дисней компаниясының жаңа 5 туындысын мемлекеттік тілде тамашалайтын болады. Бұл туралы анимациялық киноленталардың тұсаукесерінде «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова мәлімдеді. Айтуынша, премьералардың қатарында «Дамбо», «Алладин», «Ойыншықтар хикаясы», «Арыстан патша», «Мұзды өлке» туындылары бар. Аталған кинокартиналар қазақ тіліне «Өзіңнен баста» жобасының аясында дубляждалған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біздің жобамыздың негізгі мақсаты – әлемдік студияның отбасымен көруге арналған қазақ тіліндегі сапалы контентін шығарып, қолжетімді ету. Ал әлемдік студиялардың контентіне қолжеткізу – бұл қазақ тілінің болашағы, тілге деген сүйіспеншілік. Бұдан бөлек, отандық актерлер үшін де жоба кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді. Себебі басты рөлдерді сомдайтын әртістерді Disney компаниясы бекітеді», - дейді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара ШАЙЖҮНІСОВА.
Биылғы көктем қазақстандық көрермендер үшін режиссер Тим Бертонның фантастика жанрында түсірген «Дамбо» отбасылық фильмінен басталады. Алғаш рет 1941 жылы түсірілген танымал мультфильмнің ремейкі үлкен құлақты кішкентай пілдің қызықты оқиғасын баяндайды. Туынды еліміздің кинотеатрларында 28 наурыздан бастап көрсетіле бастайды. Атап өту керек, Disney фильмдерінде басты рөлді дубляждаушы актерлер арасында Нұрлан Әлімжанов пен Дәурен Серғазин бар.
«Шыққалы жатқан 5 фильмнің біреуінің басты рөлі маған тиді. Қазір қайсысы екенін айтуыма болмайды. Айтпаймын деп уәде бергем, шыққан кезде көресіздер. Менің дауысымды режиссер емес, Глливудтан арнайы келген мамандар таңдады. Көптеген дауысты тыңдап, арасынан іріктеп алады, бәрі де әділ өтті. Мен үшін бұл жаңа белес», - дейді актер Нұрлан ӘЛІМЖАН.