Ахметтану жолында жарық көрген туынды мазмұны бес бөліктен тұрады
Кемеңгер жазушы, көркем шығармалар желісінің авторы, ақын Дидар Амантайдың кезекті кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Танымдық туынды «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл мұраты, болмыс философиясы» деген тақырыпқа ие. Роман эссе жанрында жазылған шығармада ұлт ұстазының болмысы өзгеше зерделеніп, оқырманға тау-тұлғаның келбеті жаңа қырынан танылады.
– Ахаң туралы қазір ізденіс көп. Кәсіби, ғылыми, өз тарапымнан философиялық ізденін жүрмін. Философ болғандықтан, ол кісінің шығармаларын философиялық тұрғыдан қарастырдым, – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Амантай.
Кітап бүгінде «Орхон» баспа үйінен жарық көріп, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қолдауымен ұлт ұстазы музей-үйінің кітапхана қорын толықтыруда. Ахметтану жолында жарық көрген туынды мазмұны бес бөліктен тұрады. Оның ішінде «Жазу тәртібі», «Азаттық әліппеден басталады, әліппе - Ахаңнан» атты кескекті ойларға құрылған талдауларды оқуға болады. Сөз пайымдауы орағытқан қайыңды ормандай қалың ойға жетелер жазушы туындысы оқырман көңілінен шығары даусыз.
– Ахмет Байтұрсынұлының өміріне қатысты жазылған романдар бар. Амантай Ахетовтың «Властилин духа» деген кітабы орыс тілінде жазылды. Бірақ қазақ тілінде жазылған Ахметтің өміріне түгелдей көркем әдебиеттегі бейнесін қамтитын дүние бола қойған жоқ. Сол себепті де жастардың сүйсініп оқитын жазушысы ретінде менің қалауым Дидар Амантайға түсті, – деді А. Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет.
Оқи отырыңыз: Дүниені жалт қаратсам деп едім: алматылықтар Шөмішбай Сариевті еске алды