Сатира жанрында жанкешті еңбек етіп, артына өшпес із қалдырды. Заманауи әзіл әлемінің сапасын жақсартты. Қай кезде де ағалық міндетін абыройлы атқарды. Көпен Әмірбекті шәкірттері мен әріптестері осылай еске алады. Марқұм 73 жасқа қараған шағында көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таяуда ғана 4 томдық таңдамалы шығармалары жарық көріп, өзі сол істің біткеніне көңілі толатынын айтқан екен.
Қазақтың әдебиетіне, сатирасына өлшеусіз үлес қосқан Көпен Әмірбектің өмірден озғаны туралы ақпарат кеше тарады. Ол бүкіл ғұмырын сатираға арнаған арда азамат. «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газетінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі болған. Әр жылдары жарық көрген «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгім», «Ауызбастырық» атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танылды. Көпен Әмірбектің ағалық ақылын тыңдап, кеңесін алған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан тау тұлғаның артында өшпес із қалғанын атап өтті.
«Таяуда ғана үлкен 4 томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді. Соны өз көзімен көріп, көңілі тоғайып кеткенімен, дәурені қысқа ғана болды деуге болады. Кейінгі шығармашылық қалам ұстаған іні-қарындастар, әдеби толқында Көпен Әмірбековтың ізіне ілескен азаматтар үшін де өте бір ауыр жағдай болып тұр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан
Ұлт әдебиетінің көрнекті өкілі соңғы жылдары жастардың әзіл-сықақ сайысында қазылық етіп жүрді. Қоғамдағы мәселелерді күлдіріп тұрып жеткізуді түсіндірді. Әзіл арқылы ащы шындықты айтуды үйретті. Жастарға бағыт-бағдар берді. Осылайша заманауи әзілдің де сапасын арттыруға септесті. Әр әзілден пәлсапалық ой тауып, ойын соңында соны жастарға ұғындырып, санаға сіңдіріп жүретін.
«6-7 жыл қазылар құрамында болды ғой. Осы арқылы жаңа бір толқын пайда болды. Көпен аға осындайды қабылдайды деп ізденетін топтар пайда болды. Ол да болса үлкен тәрбие. Ал «мыналарың дұрыс емес» деп отырса, жастар оны қалай қабылдар еді?» – деді Jaidarman жобасының президенті Есен Елеукен.
7 жылға жуық уақыттың ішінде Көпен Әмірбек әзіл-сықақ сайысының атасы атанды. Сыйлы қарт, командалардың ойынына қазылық еткеннен кейін бата беретін. Бұл үрдіс дәстүрге айналды.
Ертең сағат 11:00-де Түркістан облысы Шәуілдір ауылындағы «Мәдениет сарайында» Көпен Әмірбекпен қоштасу қаралы митингі өтеді. Ал жаназа намазы «Арыстанбаб» мешітінде болатынын, еске салайық.