Отандық дизайнерлердің шектеулі мөлшерде ұсынған жаңа жылдық топтамалар көрсетілімі екі күнге созылмақ. Сонымен қатар, іс-шарада отандық және американдық кутюрелердің бірлескен туындылары да көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қонақтар арасында әлемге әйгілі Vogue және The New York Times басылымдарының өкілдері, еуропалық фотографтар, сондай-ақ сән саласындағы беделді бақылаушылар да бар.
«Олар біздің қонақтарымыз. Әдеттегідей, біздің сүйікті стрит стайл фотографтарымыз Асель Стю Дю Монд, Анастасия Street Pie, Пол дәл қазір сәнқойларды сыртта суретке түсіруге тырысуда», – деді VWFA бас директоры Жанель БЕРТАЕВА.
Сонымен қатар сән мерекесіне танымал жапондық байер Мори Казума да қатысты. Токиодағы ең үлкен көрме залының иесі «көше» стилінде киім шығарумен айналысады. «Күн шығыс» елінің дизайнерлері отандық сәнгерлермен мұқият танысуға ниетті екенін білдірді. Оның айтуынша, жергілікті брендтер ерекше ұлттық стильмен ерекшеленеді.
«Мен өз коллекцияларымды Жапонияда ұсына алатын дизайнер іздеп жүрмін. Ол талантты суретші болуы керек. Қазірдің өзінде ресейлік дизайнерлермен жұмыс жасап жатырмын. Менің жаңа ізбасарым қазақ және орыс елдерінің стильдерін біртұтас етіп біріктіре алуы қажет», - деді жапондық дизайнер Мори КАЗУМА.