Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ кинопедагогикасының негізін қалаған Ғанижамал Әбілдина 70 жасқа толды. Мерейлі мерейтой қарсаңында бүгін өзі талай жыл ұстаздық етіп келе жатқан Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында «Жүрек-теңіз» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға әріптестері мен зиялы-қауым өкілдері, шәкірттері мен өнер жұлдыздары арнайы қатысты. Кино және телевизия саласының көрнекті маманы шығармашылық жолында 100-ге тарта деректі фильмнің режиссері болды. Кинотуындылары әлемдік фестивальде үздіктер қатарынан көрініп жүр. Отандық медиа өндірісінде 200-ге жуық телехабар дайындап, эфирге шығарды. Бүгінде жеке шеберханасынан түлеп ұшқан шәкірттері ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүр.
«Жүрек-теңіз» деген атаудың өзі, біраз мағынаны білдіреді. Ғанижамал Әбілдина өнер саласына сондай-ақ кино әлеміне де сіңірген еңбегі көп», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова.
Сондай-ақ, мерекелік кеште автордың «Өнелегі өмір» деп аталатын кітабының тұсауы кесілді. Туындыда профессордың ғылыми мақаласы мен әр жерде жарық көрген материалы, журналистерге берген сұхбаттары топтастырылған.
«Кітаптың ерекшелігі – таңдаулы адамдардың өмірбаяны жазылған. Орыстарда «Жизнь замечательных людей» кітабы сияқты жарық көріп отыр. Ішінде жазылған кейбір ғылыми мақалалардың бәрі бір жерде жинақталған», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғанижамал Әбілдина.