«Алматы – менің алғашқы махаббатым» ретро фестивалі өтті

«Алматы – менің алғашқы махаббатым» ретро фестивалі  өтті
Дәстүрлі шарадан түскен қаражат Арыстағы жарылыстан зардап шеккен балалар үйіне аударылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала күні қарсаңында Алматының орталық саябағында «Алматы - менің алғашқы махаббатым» дәстүрлі музыкалық ретро фестивалі  өтті. Оған отандық танымал әншілерден бөлек, шетелдік  сахна жұлдыздары да қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естеріңізге салсақ, сағындырған хит-әндер шырқалатын ретро-фестиваль осымен 18 рет шымылдығын түріп отыр. Фестиваль шымылдығын қала басшысы Бақытжан Сағынтаев ашып берді.  

«Құрметті достар, біз бүгін әсем Алматымызға деген шынайы сүйіспеншілікпен дүниеге келген әдемі ретро фестивальдің ашылуына жиналып отырмыз. Бүгінгі біздің фестиваліміз 18-рет шымылдығын ашқалы жатыр. Осы 18 жылдың ішінде бұл фестиваль Алматының жарқын брендіне айналды десек артық болмас», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Концертті 4 мыңға жуық көрермен тамашалады. Ұйымдастырушылар халықтың көңілінен шығу үшін барын салғаны байқалады.

«Жыл сайын әр фестивальдің тақырыбы ауысып отырады. Биылғы фестивальдің тақырыбы – «Армысыздар, көршілер!» Басты мақсат – 60-70-ші жылдардағы Алматы ауласының атмосферасын сахнаға шығару»,  – дейді ұйымдастырушы Алмас САҒЫНҰЛЫ.

Мұнда шырқалатын хит туындыларды отандастарымыз әлі күнге дейін жақсы біледі Құлақтан кіріп бойды алатын, алыста қалған күндерді еске салатын әндерді жұрт тағы бір мәрте тыңдап, ерекше әсерге бөленді.

«Көңіл-күйім керемет. Бүгінгі мерейтойға бірінші рет келіп отырмын. Маған өте ұнады, көңілімнен шықты. Жақсы өтіп жатыр», – дейді Алматы тұрғыны Әйгерім АХАМБАЕВА.

Дәстүрлі шарадан түскен қаржыны ұйымдастырушылар қайырымдылыққа жұмсамақ. Атап айтқанда, Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен балалар үйіне қомақты көмек көрсетілетін болады.

Новости партнеров