Халықаралық додада дүйім жұртқа таңдай қаққызған Шерхан Арыстанның Беларусь елінен оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Славян базары – қазір қазақтың жүлдесіз қайтпайтын байқауы. Димаш Құдайберген, Рухия Байдүкен, Әділхан Макин мен Әміре сынды ән салса, алты қырдың астынан даусы шығатындар бағындырған биік бұл. Биыл да балалар арасында бақ сынап, Шерхан Арыстан 140 ұпайға қол жеткізді. Сөйтіп 18 елдің өнерпазынан оқ бойы озық шықты, бас жүлдені қанжығаға байлады.
Халықаралық додада халық әнін әуелете шырқаған Шерханның кең диапазоны көпті таңқалдырған. Негізгі сынға дейінгі дайындықта да қазақстандық өнерпаздың орындауы – талайдың тәнті болғанын байқатқан. Мұны сахна сыртында тақым қысып, тілеу тілеген Шерханның жанкүйерлері жеткізді.
– Биыл бірінші рет балалар оркестрмен айтты. Сондықтан да олар Минск қаласында біраз дайындық жасады. Дайындыққа өзім қатыстым. «Осы бала биыл Гран-При алады» деп еді, сенімді ақтады, – деді «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы байқауының директоры Қарлығаш Әбдікәрімова.
Өнер сайысына қатысқан жас өрендер екі кезең бойынша бағаланды. Әртүрлі репертуар арқылы дауыс мүмкіндігін көрсетіп, орындау шеберлігін танытқан қазақстандық әнші «Славян базарына» 4 ай дайындалған. Ал вокалмен шұғылданғанына биыл 9 жыл толыпты.
– Шерхан маған 4 жасында келді. Ол кезде мен Шамалған ауылының Мәдениет үйінде директор болатынмын. Әжесі кішкентай, топ-томпақ, қара баланы ертіп келді. Тексере келе, ритмі, қазақша айтқанда еске сақтау қабілеті, ырғағы, барлығы өте керемет болып шықты. Сол күннен бастап менің мектебімде оқып келеді, – деді Ш. Арыстанның ұстазы Қалбибі Абдуллаева.
Алып арманды арқалаған әнші бала лезде келген танымалдылықтан аздап ұялғанын жасырмады. Ол әлі де көп еңбек ету керегін біледі, бұл жеңісін кезекті баспалдақ қана деп санайды.
– Мен қобалжыдым. Бірақ менің отбасым, апайым қолдап отырды. Сахна сыртында менімен көп адамдар суретке түсті, сұхбат алды, – деді «Славян базары – 2023» байқауының Гран-при иегері Шерхан Арыстан.
Биылғы «Славян базарында» қазылар алқасының төрағасы – қазақстандық эстрада әншісі Нағима Есқалиева болды. Бұған дейін біздің өнер өкілдеріміз әділқазы құрамында болғанымен, бұл жолы төраға ретінде бірінші рет баға беріп отыр. Қоса кетейік, аталмыш байқаудың ересектер арасындағы сайысында да отандасымыз Құралай Мейрамбек үшінші орын алып, қуанышты еселей түсті.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы