Алматыда домбыра күнін мерекелеу басталып кетті. Ұлттық күн бүгін қаладағы Достық үйінде ұлықталды. Іс-шараға дәстүрлі өнер майталмандары, күйшілер мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Жиын қалалық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Даниэль Джеймс есімді азамат – Нигерия елінің тумасы. Жастайынан Алматыда тұрады. Қасиетті домбыраны 10 жылға жуық серік еткен ол кәсіби күйшіден кем ойнамайды. Енді дәстүрлі өнерді балаларына да дәріптеп, үйретіп жүр.
– Алғашында домбыраның даусына ғашық болдым. Құрманғазының «Алатау» күйі екен. Мен де үйрене бастадым. Сөзбен суреттей алмаған табиғат сұлулығын домбыра жеткізеді, – деді қала тұрғыны Даниэль Джеймс.
Іс-шара кезінде өзге ұлт өкілдері де түрлі өнерін көрсетті. Бірі қазақ тілінде әуелете ән салса, енді бірі күмбірлетіп күй шертті. Жиынның мақсаты – тағылымы мол мерекені қоғам арасында кеңінен насихаттау.
– Қазақстанда тұратын әрбір этностың жүрегіне жылы тиетін домбыра үні арқылы қазақтың кеңдігін, даралағын білуге болады. Бұл – өшпейтін мұра, – деді Достық үйінің директоры Нұрсәуле Әлтекова.
Күйші, мәдениет саласының үздігі Талап Қараштың айтуынша, соңғы кездері домбыраға деген қызығушылық жастар арасында кең тараған. Әлеуметтік желілерде түрлі креативті бейнежазба түсіріп, көпшілікке насихаттап жүрген жастар қатары артып келеді.
– Қазір домбыра көтеріп жүрген жастарды жиі көретін болдық. Домбыра үйренуге деген қызығушылық өсіп келеді. Бірақ домбыраның жолы оңай емес. Еңбектенген адам ғана жетістікке жетеді, – деді күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Талап Қараш.
Айта кетейік, 2018 жылы Президенттің шешімімен шілде айының бірінші жексенбісі елімізде Домбыра күні болып бекітілген еді. Содан бері ұлттық мереке жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіледі.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы