Славян базары: «Жас өркен» би ансамблі бірінші орын алды

16.07.2024 01:16

2007 жылы құрылған би ансамблінің құрамында 150 биші бар

Almaty.tv

«Славян базары» байқауының аясында ұйымдастырылған халықаралық Dream Dance Fest би жарысында қазақстандық «Жас өркен» би ансамблі жүлделі 1 орынды қанжығаға байлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дода Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында өткен. Әлемнің түкпір-түкпірінен 20 топ қатысқан бишілер бәйгесінде жеңіс төрінен көрінген өнерпаздар – Алматыдағы № 133 мектеп-гимназияның оқушылары.

Бір айға созылған дайындық, тынымсыз еңбек пен талмас талап «Жас өркендіктерді» жеңіске жетеледі. Халықаралық би байқауында 1 орынды иеленген би ансамблі ел мерейін үстем етті. 18 адамнан құралған топтың әр мүшесі тарихи оқиғаны қуанышпен еске алады.    

– Шетелге бірінші рет шықтық. «Славян базары» байқауы ерекше әсер етті, – деді «Жас өркен» би ансамблінің мүшесі Жұлдызай Ақанова.

– Байқауда бишілер көп болды. Олардың деңгейі өте жақсы. Биі, оның сюжеті, сценарийіне қарап, еңбектенгені көрініп тұр. Конкурс үлкен жетістік әкелді деген ойдамын, – деді «Жас өркен» би ансамблінің мүшесі Камила Аманжол.

Жас бишілер болашақта да әлемдік сахнада өнер көрсетуді армандайды.  Ал ол үшін ата-ананың қолдауы қашанда маңызды. Топ мүшесі Маржанның анасы Меруерт Әбдірәсілқызы баласын бірінші сыныптан бастап би үйірмесіне беріп, өнерге баулыған. Содан бері 8 жылға жуық уақыт өтіпті.

– «Биге қабілеті бар ма, жоқ па?» деген қызым керемет биші болып шықты. Ең керемет би сайысында топ жарды. Ата-аналар әуежайға барып, балаларды қарсы алдық. Бұл –  үлкен қуаныш, бақыт! – деді М. Қарнақбайдың анасы Меруерт Тұрымбетова.

Шет елде төл өнерімізді насихаттап, ұлттық құндылықты дәріптей білген топ байқауда «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің «Көктем сазы» атты әуеніне аққу биін сахналаған. «Жас өркен» би тобының хореографы Толғанай Ұлықбекқызы «қойылым ойдағыдай болды. Көпшіліктің көңілінен шықтық» дейді.  

– Бидің сюжеті судың жағасында суға шомылып жүрген аққулардың аң аулауға шыққан әке мен балаға қарсы әрекетіне негізделген. Ірі байқауда бірінші орын алып, елге оралдық, бұл – мәртебе! – деді хореограф Толғанай Тазабек.

2007 жылы құрылған би ансамблінің құрамында 150 биші бар. Бұған дейін өнерпаздар Түркия, Өзбекстан, Грузия мемлекеттерінде өткен байқауларда да топ жарып үлгерген. Жоспарға сай, шетелден мол тәжірибе мен білім жинап қайтқан ұжым тамыздан бастап дайындыққа қайта кіріспек. 

Еске салайық, «Славян базары» фестивалі жылдар бойы шығармашылыққа құштар жастардың басын біріктіріп келеді. Бұл жолғы ән байқауында еліміздің атынан өнер көрсеткен әнші Ерназар Жұбан жоғары ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды.

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: V дүниежүзілік көшпенділер ойынына тіркеу аяқталады