Ұлыстың ұлы күні әуелі ұлттық тағамдардан бөлек, ұлттық ойындар еріксіз еске түсетіні сөзсіз. Соның бірі тарихы терең тоғызқұмалақ ойыны. Көненің көзіндей болған ойын бүгінде өзекті ме? Оған кімдер қызығушылық танытып жүр? Ойнау тәртібі қандай? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы баяндайды.
Тоғызқұмалақ – түркі халықтарының төл ойыны. Ол арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы - 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны - бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды.
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, қисындық ойлау өнері. Бұл өнер адам санасын жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге бағытталған. Түркі халықтарының ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтынына осы ойынның өзі дәлел бола алады. Көненің көзіндей болған тоғызқұмалақтың төрт мың жылдық тарихы бар. Ұлы Абайдың өзі тоғызқұмалақты сүйіп ойнаған. Тарихшылардың айтуынша, бұл ойын әлі де әлемдік деңгейде зерттеліп жатыр.
«Тоғызқұмалақтың шығу тарихы қазіргі таңда Американың Альяска университетінде әлі де зерттеліп жатыр. Себебі бұл ойынның шығу тарихы бір бөлек, қолданылатын түрлі термин сөздердің шығу тарихы бір бөлек. Ата-бабаларымыз білекке сенер заманда қапы қалмады, енді білімге сенер заманда ешкімге есе бермесін. Бүгінгі ойын жоғары деңгейде өтіп жатыр», – деді тарихшы Сандуғаш Қажығалиқызы
Насихат жұмыстары да тиісті деңгейде жүріп жатыр. Оған дәлел – тоғызқұмалаққа түрлі ұлт өкілдерінің қызығушылық танытуы. Ал қазіргі таңда елімізде 100 мыңға жуық адам тұрақты түрде осы ойынмен шұғылданады екен.
«Бұл ұлттық ойын қазіргі кезде әлемдік деңгейге шығып жатыр. Бірнеше рет әлем чемпионаты, Азия чемпионаты өтті. Бұл ойынды тек қазақ халқы емес, ұйғыр, дүңген, орыс халқының ұлдары мен қыздары ойнайды, оған бүгін куә болып отырмыз. Сондықтан бұл ұлттық ойынға қызығушылық өте жоғары деп айтуға болады», – деді қалалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әлімжан Қыдырбаев.
Ердәулет 5 жылдан бері тоғызқұмалақ ойнайды. Оның ойынша, бұл ойын мектеп оқушыларына жан-жақты дамуға көмектеседі.
«Бұл спорт түрімен мен 4-сыныптан бастап айналысамын, қол маторикасын жақсартып, есепке жүйрік болуыма әсер етті. Сондықтан бұл ойын қатты ұнайды», – деді жас тоғызқұмалақшы Ердәулет Жанәбілов.
Өткенді білу - бүгінге сабақ, болашаққа бағдар екені сөзсіз. Сондықтан талай заман шеңберінен өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған тоғызқұмалақ ойынын ары қарай дәріптеу керек дейді көпшілік. Тұлғалық даму мен ұлттық құндылықты қатар қамтитын бұл ойынның мәні де мағынасы да тереңде.
Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков, Медет Саматұлы , «Алматы» телеарнасы