Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толды. Елімізде мәдениет пен өнердің, оқу-ағарту ісінің дамуына айрықша үлес қосқан ардақты азаматтың мерейтойын өткізу іс-шарасы белсенді жалғасуда. Соның бірі – қалалық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен салтанатты кеш, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің белгілі өнер қайраткерлері қатысқан әдеби-музыкалық іс-шарада Темірбек Жүргенов жайлы естелік айтылды.
– Академияға Темірбек Жүргеновтің есімі берілуі – оның өнерді жүрегінде, күнделікті тыныс-тіршілігінде сақтауының айқын көрінісі. Қазақ даласында қаншама зәулім ғимарат, қаншама білім беру ошағын салып кетті. Ұлы тұлғалардың дамуына, өсуіне еңбек сіңірді, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Елімізде биыл қоғам қайраткерінің мерейтойына байланысты 200-ге жуық іс-шара мен мәдени конференция ұйымдастырылады деп жоспарланған. Ахмет Жұбанов, Әбділдә Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Күләш Бәйсейітова сынды еліміздің мәдениетін дамыту жолында Темірбек Жүргеновпен бірге қызмет істеген белгілі тұлғалардың естелігіне негізделген кеште ән-күймен қатар, шағын театрландырылған қойылым көрсетілді.
– 2023 жыл қазақтың қайраткері Темірбек Жүргеновтің жылы болып есептеледі. Қазақстанда ғана емес, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанда да Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы аталып өтіп жатыр, – деді филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Иманғалиев.
Оқи отырыңыз: Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге бюст қойылды