Шымкентегі 5 адамның өмірін қиған автобус жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
8 сәуірде тізгіншісіз автобус 6 адамды қағып кеткен еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте бір сәтке басқарушысыз қалып, 5 адамның өмірін қиған автобус жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкентте болған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот шешімі шықты. Бірер сәтке басқарушысыз қалып, 5 адамның өліміне себепкер болған автобус жүргізушісі 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Юлдашев Хайрулла 345-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Оны осы бап бойынша көлік құралын айдау құқығынан 7 жылға айыра отырып, жазаны ҚАЖ-нің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Жазаны өтеу мерзімі 2023 жыл 17 қазаннан бастап есептелсін, – деді қалалық Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жанат Мүсірәлі.

Сотталушыға «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру ережесін бұзу» бойынша іс қозғалды. Жарыссөзде прокурор сезіктіні 8 жылға соттауды сұрады. Алайда жәбірленушілер көлік жүргізуішісіне кешірімін беріпті. Өз ісіне өкінетінін айтқан Юлдашев апат боларда автобусты қол тежегішке қойып кеткенмін деп сендірді.

– Бала-шағам бар, отбасымның жалғыз асыраушысымын. Мен де өкінемін, қасақана істемедім. Ешкім өзіне жамандық болғанын қаламайды ғой. Мен өзімнің машинам сияқты сеніп, тастап кетіп едім. Себебі соңғы тұрақта дәретхана болмаған соң. Қол тежегішке қойып кетіп ем, бұған дейін қол тежегішіне қойылған көлік жүріп кеткен, – деді сотталушы Хайрулла Юлдашев.

– Амал жоқ. Он бес күн ішінде тағы апелляцияға беріп көреміз. Бұл істе автопарк кінәлі деп ойлаймын. Себебі бұған дейін де осындай жағдай болған. Видеодан ашып қарадық. Автобус жүріп кеткенге дейін бірнеше уақыт орнында тұрған, – деді Х. Юлдашевтің әйелі Жанар Кемелова.

Жәбірленуші тарап қайтыс болған бауыр еті баласының жаны тынышталсын деп кешірім бергенін айтты. Десе де, қаза болған Айзадахан Атаболатованың анасы 5 жылды аз деп санайды.  

– Бес адамның өмірін қор қылды. Бес жыл деген аз. Мен асыраушымнан айырылдым, кешірдік. Алла кешірсін! Бес баласы бар екен. Тағдырдың ісі, амал жоқ көнеміз, – деді марқұмның анасы Алтынай Тұңғатаева.

Ал марқұм Айсана Тұрымбетованың әкесі Юлдашевтің отбасы 6 айдан кейін келіп, кешірім сұрағанын айтты. Оның айтуынша, бұл істе жүргізушімен қатар, автопаркті де жазаға тарту керек.

– Алты айдан кейін кешірім сұрады, қойын алып келді. Сонда да кешірім бердік. Бірінші кезекте автопарк кінәлі. Бәрі – Қытайдың көлігі. Олардан ақау кетіп жатады. Олар оңай құтылып кетіп жатыр, – деді марқұмның әкесі Садықбек Тұрымбетов.

Айта кетейік, 8 сәуірде Бәйтереков пен Назарбеков көшелерінің қиылысында жүргізушісіз автобус 6 адамды қағып кеткен еді. Салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза тапса, тағы 2 тұрғын ауруханада көз жұмған. Апаттан тірі қалған 18 жастағы Дариға Сейдалиева қазір ІІІ-топтағы мүгедек.

Оразай Нұртай, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Кім жауапты: Қаскелеңнің іргесіндегі ауыл неге елеусіз қалған

Новости партнеров