Әнші, композитор Гүлнәр Дәукенова өмірден өтті

Гүлнар Дәукенова. Фото: instagram.com/gulnar_daukenova
Гүлнар Дәукенова. Фото: instagram.com/gulnar_daukenova
«Алматы» телеарнасының ұжымы да марқұмның жанұясы мен туыстарына қайғыра көңіл айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ өнері қара жамылды. Танымал әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композиторлар одағының мүшесі Гүлнәр Дәукенова өмірден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ол халық арасында кеңінен танылған «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдір сезім» секілді көптеген әндердің авторы. 

Марқұм Мадина Ералиеваның орындауындағы осы ән арқылы Гүлнәр Дәукенова алғаш рет халыққа кеңінен таныла бастады. Үржар топырағынан түлеп ұшқан ол өнер әлемінде өзіндік орны мен өз биігін қалыптастырды. Артында халықтың жүрегінен орын алған сағынышқа толы әндері қалды.

«Өнер адамы жазбаса да жазады» деп басыңда жүреді, ойыңда жүреді, жақсы бір ән жазсам деп жүресің. «Сағындым сағым жылдар» деген әнім ең бірінші әнім. Халыққа кереметтей жеткізіп, халықтың жұүрегінен орын алуына себепкер болған бұлбұл әншіміз марқұм Мадина Ералиева болатын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр ДӘУКЕНОВА (бейнеқор).

Ол ширек ғасырдан астам уақыт ұлттық музыкамыздың қара шаңырағы – Құрманғазы оркестрінде еңбек етті. Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген өнер майталманы кішілік пен кісілік, адалдық пен мейірімділік сынды адами қасиеттерді өмірлік ұстанымы еткен. Сондай-ақ, қаймағы бұзылмаған қазақы өнердің нағыз жанашыры еді.

«Әнге бай, сөзге шебер халықпыз. Соған қарамастан біз батысқа еліктеп, сыңсып дәмін кетіретін әндер бар. Ол бізге жат деп ойлаймын. Оның барлығын «су ағады, тас қалады» деп қазақ айтады ғой. Көп әншілер келіп жатыр, соның бәрі ағып, шынайы нағыз өнер қалады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр ДӘУКЕНОВА (бейнеқор).

Оның туындылары да өзінің жан дүниесі секілді шынайы және тұнық еді дейді Мадина Ералиеваның ұлы. Айтуынша адам өмірден өткенімен сазгердің шығармалары қазақпен бірге мәңгі жасамақ.  

«Ол кісінің қазасы маған өте ауыр тиді. Гүлнәр Дәукенова анамның үш әнін өмірге алып келді. Өнер адамдары өздерінің өнерлері арқылы өзінің тағдырын айтады дейді. Гүлнәр апай да өзінің әндері арқылы бізге ішкі дүниесін айтып кетті», – деді Мадина Ералиеваның ұлы Арсен ЕРАЛЫ.

Ғаламат туындылардың өмірге әкелген сазгердің жарқын бейнесі халық жадында мәңгіге сақталатын сөзсіз. Марқұм Гүлнәр Дәукенова ертең жерқойнына тапсырылады. «Алматы» телеарнасының ұжымы да марқұмның жанұясы мен туыстарына қайғыра көңіл айтады.

Новости партнеров