Танымал режиссер Жасұлан Пошанов «Жігіттер» сериалын түсірді. Туындының мақсаты түрлі мәдени-әлеуметтік ортадағы кейіпкерлердің қарым-қатынасы арқылы қазіргі қазақ қоғамының бейнесін көрсету. Қызығы мен қиындығы көп каскадерлық өнердің қыр-сыры да көрініс тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бұл фильм мен үшін ерекше. Өйткені жанры бөлек. Әкенің қадірін кеш түсінген баланың Арман деген кейіпкердің рөлі. Кейіпкердің аты Арман. Әкесінің атына іздеу салып, енді мен сценарийді толығымен ашып айтпаймын қандай екенін. Әкесі туралы кек алу үшін алға ұмтылып жүрген соны іздеу жолында жүрген және де ақшаға қазіргі тілмен айтқанда «Мажор» дейді ғой ақшасы бар, бірақ ақшаға үйренбей өзі алға ұмтылып, өзі жұмыс істегісі келіп, өзі мақсатқа жеткісі келетін жас жігіт туралы», - деді актер Асылхан ТӨЛЕПОВ.
Басты кейіпкер Арман барлық жетістікке өзі жеткісі келеді. Жетекші ретінде әкесін де, ағасын да қабылдамаған. Бірінің әрдайым уақыты болмаса, екіншісінің шыдамдылығы жетпеген. Ал жеке тұлғаның толыққанды қалыптасуы үшін мықты ұстаз бен адал дос ауадай қажет. Сондай есею мектебінің бірі ол үшін «NOMAD» каскадерлық тобы болған.
«Сериал каскадерлар туралы деп айтуға болады. Туындыда «NOMAD» каскадерлық тобының барлық мүшесі қатыстырылды. Олардың күнделікті өмірі қалай өтеді? Түсірілімдері қалай жүргізіледі? Телехикаяда оның барлығы көрсетіледі», - деді «Жігіттер» телехикаясының бас продюсері Ақшолпан САРБАЕВА.
Қайсарлық пен сенімділік қатар жүретін мамандықтың спорт пен өнерге жақындығы да бар. Телехикаяда түрлі трюктар орындалады. Басты рөлдерді Азиз Бейшеналиев, Асылхан Төлепов, Ғани Құлжанов, Гүлнар Досматова секілді танымал актерлар сомдап шыққан. Режиссер - Жасұлан Пошанов.
«Менің телехикаяда сомдайтын кейіпкерімнің тағдыры өте ауыр. Ол күйеуімен ажырасып кетсе де, оған адал болып қалады. Баласын жалғыз өзі асырайды. Жолдасы өмірден өтсе де, оның ісін аяқсыз қалдырмай, жалғастырады. Ұлына әкесін құрметтеуін баса мән береді. Бұл нағыз ер адамдардың достығын насихаттайтын қайсар азаматтар туралы сериал», - дейді актриса Гүлнар ДОСМАТОВА.