Алатау дәстүрлі өнер театрында балаларға арналған «Ғұрып» атты этно-композициялық қойылымның тұсаукесері өтті. Бүлдіршіндер назарына ерте заманнан арқауы үзілмеген қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері ұсынылды. Өнер ұжымы «Сәбиге азан шақырып ат қою», «Баланы қырқынан шығару», «Тұсаукесер» сияқты жөн-жоралғыларды сахналап, балалармен «Ақсерек-Көксерек», «Асық ату» ұлттық ойындарын ойнады. Ондағы мақсат – жас ұрпақты халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бай тарихи мұрасы мен әдет- ғұрпына баулу, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақтың атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрін үзбей балаларға жеткізу, насихаттау. Қарап отырсақ қазіргі кездегі балалар қолынан планшет, смартфон түспейді. Сол жерден қайдағы бір шетелдік мульфильмдерді көреді. Оның барлығы баланың санасына кері әсерін тигізеді ғой, оң әсерін тигізбейді», – деді Алатау дәстүрлі өнер театрының қоюшы режиссері Дарын Қалибекұлы.
Осыдан 4 жыл бұрын ашылған «Алатау» дәстүрлі өнер театры бүгінде өзіндік ерек орнын қалыптастырып үлгерген. Мәдениет пен өнер орталығының әрбір қойылымын тағатсыздана күтетін көрермен көп. Театр дәстүрлі ән-жыр, терме, күй, айтыс, ұлттық кино сияқты бес бағытта қызмет көрсетеді.
«Алатау дәстүрлі өнер театры – өте жас театр. Бар-жоғы 4 жылдың ар жақ, бер жағы. Дәстүрлі өнер театры болғандықтан, бұл театр тек қазақтың ұлттық бағыттағы өнерлері қамтылған. Оның ішінде актерлік шеберлік, домбырамен ән салу, күй, фольклорлық ансамбль, бишілер, айтыскер ақындар. Сол бағытта қызмет жасап жатырмыз халқымызға», – деді Алатау дәстүрлі өнер театрының директоры Дәлел Уәшев.