Димаш Құдайберген туралы Қытай мектеп оқулықтарында мәлімет жүр. Бұл туралы әнші Instagram желісіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
«Өзіңді Қытай мектеп оқулықтарынан көрген керемет екен», – дейді әнші. Жоғары сынып оқушыларына арналған кітапта әншінің биографиясы жазылған.
«Димаш – бала кезінен музыкалық талант иесі. Бірақ ол әлі де оқуда табандылық танытып, вокал қабілеттерін дамытып, әнді жақсы жеткізу үшін бірнеше тілді үйреніп жүр. Димаштың еңбекқорлығы биік жетістіктерге жетуіне ықпал етіп жатыр», – дейді кітап авторлары. Сондай-ақ, қытай оқушыларына Димаш туралы бірқатар сұрақ ұсынылған.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің Қытай еліндегі танымалдығы 2017 жылы I'm singer жобасына қатысқаннан кейін арта түскен. Байқауда финалға дейін жетіп, екінші орынды иеленген.